Құрылтай сайлауы: «Ауыл» партиясының тізімі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлім етті.
Оның айтуынша, «Ауыл» партиясы 69 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған.
— Орталық сайлау комиссиясы жіберген сауалға сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар Құрылтай депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді, — деді Шавхат Өтемісов.
ОСК хатшысының мәліметінше, партиялық тізімдегі 29 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады. Бұл тізімнің 42 пайызын құрайды және заңнамада белгіленген квота талаптары толық сақталған.
— Партиялық тізімге енгізілген барлық азамат Конституцияның және сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді, — деді ол.
Сондай-ақ Шавхат Өтемісов сайлау жарнасына қатысты заң нормасын түсіндірді.
— «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабының 2-тармағына сәйкес, Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде бес пайыз дауысын жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады, — деді ол.
Оның айтуынша, «Ауыл» партиясы Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымы депутаттарының сайлауында 10,90 пайыз дауыс жинаған. Осыған байланысты партия сайлау жарнасын төлемейді.
Кеше «Байтақ» жасылдар партиясының тізімі тіркелді.