Құрылтай сайлауы қарсаңында Қызылордада бірыңғай байланыс орталығының диспетчерлік қызметі іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына байланысты Қызылорда облысында жедел әрекет ету орталығының 109 бірыңғай байланыс орталығы диспетчерлік қызметін бастады. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.
109 қызметі әрбір сайлау және референдум науқаны кезінде дауыс беруші азаматтар үшін ыңғайлы, оперативті әрі қолжетімді коммуникация алаңына айналады.
— Біздің орталық сайлаушылардың сауалына уақытылы әрі сапалы жауап беретін сенімді платформа болып саналады. Қазірдің өзіндн тұрғындардан Құрылтай сайлауына қатысты қоңыраулар түсе бастады. Біз әрбір қоңырау үшін жауаптымыз. Себебі саяси науқанда әрбір азаматтың дауысы маңызды, — деді мекеме директоры Бағлан Терлікбаев.
4 ауысыммен жұмыс істейтін 28 диспетчер Құрылтай кезінде құрылған учаскелер туралы, мекен-жай және комиссиялардың құрамы секілді ақпаратты түсіндіруге дайын. Сонымен бірге онлайн платформалардың көмегімен азаматтардың қай учаскеде тіркелгенін анықтап бере алады. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген байланыс орталығының операторларына ақпараттық семинар өтіп, маңызды науқандағы басты ерекшеліктерді түсіндірді.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауында азаматтар 23 тамыз күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін дауыс бере алады.
Дауыс беру күні өз учаскесінде болмайтынын 7 тамыздан бастап өтініш қалдыру арқылы хабарлап, есептен шығару куәлігін ала алады.
Ал бүгінде Қызылорда өңірінде 9 аумақтық, 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді.