Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің төрағалары сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың жалпы отырысында тұрақты комитеттердің төрағалары сайланды. 

Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің төрағалары сайланды
Фото: Ақорда

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңның 36-бабының 2-тармағын еске салды.

Оған сәйкес, тұрақты комитеттердің төрағалары егер Құрылтай дауыс берудің өзге тәртібін айқындамаса, Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен, Құрылтай отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Шешім әр кандидатура бойынша жеке қабылданады және қаулымен рәсімделеді.

Осылайша, Құрылтайдағы сегіз тұрақты комитеттің төрағалары болып мына депутаттар сайланды:

— Серік Егізбаев — Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті;

— Үнзила Шапақ — Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті;

— Марат Қожаев — Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті;

— Әмірбек Оспанбеков — Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті;

— Асхат Аймағамбетов — Әлеуметтік-мәдени даму комитеті;

— Ольга Перепечина — Қаржы және бюджет комитеті;

— Дархан Ахмедиев — Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті;

— Наталья Годунова — Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті.

Бұл ретте Құрылтайдың бір тұрақты комитетінің төрағасы Құрылтай оппозициясынан сайланады. Құрылтайдағы көпшілік және оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшыларының консультациялары өтті.

Консультация барысында бірлескен шешімге сәйкес, Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы оппозициядан ұсынылды. Қалған комитет төрағалары Құрылтайдағы көпшіліктен, яғни Әділет партиясының фракциясынан сайланды.

Бұған дейін Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланған еді.

Сондай-ақ Құрылтай төрағасының орынбасарлары да анықталды.