Құрылтайдың жаңа құрамы Салық кодексіне 50 шақты түзету енгізеді – Серік Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM – Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің бір бөлігін Парламенттің қазіргі құрамы қарастырады. Ал одан тыс 50 шақты өзгерісті Құрылтай сайланған соң, жаңа құрам қабылдамақ. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның сөзінше, Салық кодексіне қатысты түзетулер Конституциядағы өзгерістермен байланысты және олар мемлекеттік органдардың одан әрі жұмыс істеуі үшін енгізілуі қажет.
– Түзетулер қазір Парламент қарауында. Олар алдағы жұмыстарға керек болғандықтан, осы сессияда қаралады деп ойлаймын. Сессия маусым айының соңында аяқталады. Содан соң, құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, – деді Серік Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен бірге, тағы да өзгерістер шоғыры дайындалып жатыр.
– Қазір шамамен 50 түзетуден тұратын жеке пакет әзірлену үстінде. Оларды Құрылтайдың жаңа құрамымен жыл соңына дейін енгізу жоспарланып отыр, – деді вице-премьер.
Үкіметтің мәлімдеуінше, салық заңнамасын жаңартудағы мақсат – салық жүйесінің тиімділігін арттыру және қазіргі экономикалық жағдайға бейімделу.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Жұманғариннің 200 мың бизнес субъектісі неге жабылғаны жөніндегі жауабын жариялағанбыз.