200 мың бизнес субъектісі неге жабылды — Серік Жұманғариннің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл нарықтағы өзгерістер «қалыпты әрі табиғи құбылыс» екенін мәлімдеді.

Микро- и малый бизнес задолжал 4,8 млрд тенге налогов в Туркестанской области
Коллаж: Kazinform

Оның сөзінше, Үкімет аталған сала жөнінде тұжырым жасағанда, бизнестің жаппай құлдырауы жөніндегі эмоциядан туған қауесетке емес, ресми дерекке жүгінеді.

Серік Жұманғарин нақты статистиканы келтірді. Оның айтуынша, 2026 жылдың басында 2,44 млн кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ал сәуір айында бұл көрсеткіш 2,66 млн-ға ұлғайған. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде Қазақстанда 99 мыңға жуық жаңа компания мен жеке кәсіпкерлер тіркелген.

Ал жабылған субъектілердің саны — 208 мың шамасында. Олардың басым бөлігі онсыз да жұмыс істемей, тоқтап тұрған.

— Қызметін тоқтатқан бизнес субъектілерінің 95 мыңдайы жабылғанға дейін де кәсіппен айналыспаған, кіріс түсірмеген. Кейбір азаматтар басқа компанияларда басшы ретінде жазылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелгендер де кездесті, — деп түсіндірді вице-премьер.

Сонымен бірге, ол бұған дейін Үкімет 300 мың бизнес субъектісі жабылады деп болжағанын атап өтті. Әйтсе де, бұл секторда оң динамика байқалып отыр. ҚҚС төлейтіндер саны 12 мыңға артқан.

Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, аталған өзгерістер іскерлік саланың нашарлауын емес, «нарықтың тазаруын» және бизнес ортаның құрылымдық тұрғыда қайта жасақталуын білдіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Серік Жұманғарин Құрылтай сайлауының шығындары жөнінде пікір білдіргенін жазғанбыз.