Құрлық әскері әскери институтында дрон технологиясын меңгерген мамандар даярланып жатыр
АСТАНА.KAZINFORM — Құрлық әскерлері әскери институтындағы Ұшқышсыз авиациялық жүйелер оқу орталығында заманауи технологияларды жетік меңгерген әскери мамандар даярланып жатыр.
Солардың бірі — кіші сержант Динара Телеуова. Ол әскери қызметтің ер азаматтарға ғана тән емес екенін өзінің білімімен, кәсібилігімен және табандылығымен дәлелдеп келеді.
Жауынгерлік дайындықтың саптық, атыс және тактикалық сабақтарымен қатар, Динара ұшқышсыз авиациялық жүйелерді меңгеруге ерекше қызығушылық танытады. Ол FPV-дрондарды өз қолымен құрастырып, электрондық компоненттерін орнатып, ұшу контроллерлерін баптайды және алғашқы сынақтық ұшуы алдында аппараттың барлық жүйесін мұқият тексеріп шығады.
— Әрбір дрон — күрделі инженерлік жүйе. Оның сенімді жұмыс істеуі үшін электрониканы, бағдарламалық қамтамасыз етуді және аэродинамиканың негізгі қағидаларын жақсы білу қажет. Бұл мен үшін жай ғана қызығушылық емес, ел қауіпсіздігіне өз үлесімді қосудың бір жолы, — дейді кіші сержант Динара Телеуова.
Оқу орталығы мамандарының айтуынша, Динара жоғары жауапкершілігімен, техникалық ойлау қабілетімен және үнемі ізденіп, білімін жетілдіруге деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол жаңа технологияларды тез меңгеріп, бірнеше жыл бұрын тек инженер мамандардың саласы саналған заманауи жабдықтармен сенімді жұмыс істеп жүр.
Бүгінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер әскери саланың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осыған байланысты мұндай мамандар даярлау ісі ерекше мәнге ие. Динара Телеуованың жетістігі — әскери қызметшілердің тек жауынгерлік даярлықпен ғана шектелмей, озық технологияларды игеруге де қабілетті екенін көрсететін жарқын үлгі.
Айта кетелік полиция қызметкерлері дрондарды басқару бойынша дайындықтан өтіп жатқаны туралы жазған едік.