Құрлықтық додаға құраманы жасақтаған бапкерлер еңбегі бағалауға тұрарлық – Ермахан Ибраимов

АСТАНА. KAZINFORM - Олимпиада чемпионы, қазір Олимпиадалық даярлау орталығы директоры қызметін атқаратын Ермахан Ибраимов Kazinform тілшісіне жақында аяқталған 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатындағы қазақстандық боксшылардың жетістігі жайында ой-пікірімен бөлісті.

Ермахан Ибраимов
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында болған құрлықтық додада 41 алтын жеңіп алды. Қазақстандық боксшылардың бұл көрсеткішін қалай бағалайсыз?

- Әрине, бұл табысты жоғары бағалаймын. Оның ішінде 19 жасқа дейінгі спортшылар өзім басқаратын Олимпиадалық даярлау орталығында тәлім алады. Қазір орталық 18 спорт түрін біріктіріп отыр. Ал 22 жасқа дейінгі боксшылар Спортты дамыту дирекциясы даярлап, қаржылай қолдау көрсетеді. Десе де, кейінгі уақытта олар олимпиадалық даярлау орталығында дайындық жүргізді.

Айта кетсем, 22 жасқа дейінгі құраманың бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев өздерінің оқу-жаттығу жиынына жиі шақырып тұрды. Біз оларды қазақ боксының болашағы деп бағалаймыз. Қолымнан келгенше қолдау көрсеттім. Ақыл-кеңесімді айттым. Батамды бердім.

Рас, олар құрлықтық додада шаршы алаңда шеберлігін көрсете білді. Барлық салмақта бас жүлдеге қол созып, өзге елдердің мамандары тарапынан да оң бағаланды. Алдағы уақытта сол үрдіс жалғасын табады деген ойдамын. Қазақстандық бапкерлердің де еңбегі бағалауға тұрарлық. Олар құраманы жасақтап алып барды. Шәкірттеріне ақыл-кеңесін берді. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер.

бокс
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

- Кейінгі жылдары Азия құрлығында бокс спорты кеңінен қанат жайып келе жатқандығы байқалады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Оны қалыпты құбылыс ретінде қарастырамын. Алысқа ұзамай-ақ оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан жайлы айтайық. Онда бокста зор серпіліс бар. Әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан көріне бастады. Париж Олимпиадасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Бұл бағытта онда көп жұмыс жасалғанын білеміз. Боксқа барынша қолдау көрсетілді. Онда бір оқу-жаттығу жиынына 200-250 боксшы жиналады. Оларды бөлек-бөлек дайындап жатқанын байқаймыз. Ғылыми-медициналық орталықтар құрылды. Қазір фармакология саласын реттей бастады. Өзбекстан астанасы - Ташкент қаласында спорттық салада қызмет атқаратын екі ғылыми-зерттеу институты бар.

бокс
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

- Кейінгі жылдарда елімізде де осы бағытта оң қадам жасалып жатқанын байқаймыз. Ол жөнінде айтар ойыңыз қандай?

- Біздің елімізде де спортты дамыту бағытында нәтижелі істер атқарылып келеді. Әрине, оның ішінде бокс та бар. Алдағы 2028 жылғы Олимпиадада Қазақстан алдыңғы қатардан көрінеді деген ойдамын. Расын айтайық, спорт дегеніңіз барлық уақытта тұрақты бола бермейді. Кейде біздің спортшылар алға шығуы мүмкін. Келесіде басқалар жоғарыдан көрінеді. Есесіне біз кеткен қателікке көз жіберіп, одан сабақ аламыз. Қарластарымыз мықты болса, біз де жоғары нәтижеге қол созамыз. Соған күш саламыз. Бәсеке арта түседі.

бокс
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

- Ендігі кезекте өзіңіз басқаратын Олимпиадалық даярлау орталығының жұмысы жайында айта кетсеңіз, мұнда жас өрендерге қандай қамқорлық жасалады?

- Орталықта боксшылар өздерін Олимпиадаға дайындық жасап жатқандай сезінеді деген ойдамын. Олардың жоғары жетістікке қол жеткізуіне бізде барлық мүмкіндік бар. Өйткені, мұнда жастар психологиялық сатыдан өтеді. Соған лайықты атмосфераны сезінеді. Өзіне деген сенімділікті күшейте түседі. Шаршы алаңға шыққан сәтте «мен олимпиадалық қалашықта дайындалдым, енді жеңіске жетуім керек» деген сезімді бойында қалыптастыра алады. Бұл боксшының психологиялық тұрғыда жетілуіне негіз қалайды. Біздің орталық 420 адамға лайықталған. Алдағы уақытта орын саны артып жатса, еліміздің барлық аймағынан талантты жастарды қатарға қоса аламыз. Сол арқылы олар өздерінің тәжірибесін арттырып, шеберлігін шыңдай береді.

Өткенде Қазақстан бокс федерациясының конференциясы кезінде де ұлттық құрама, 22 жасқа дейінгі және жастар, жасөспірімдер, кіші жасөспірімдер құрама өкілдерін орталыққа шақырдым. Менің өзім де арасында олардың дайындық барысын бақылаймын. Бапкерлермен ақылдасып, ақыл-кеңесімді айтамын.

Ермахан
Фото: Е. Ибраимовтың жеке мұрағатынан

- Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын сіз шаршы алаңда сынға түстіңіз. Сол кездегі және қазіргі боксшылардың дайындығы барысында қандай айырмашылық және өзгеріс бар?

- Біз боксшы болған кезеңде Александр Апачинский, Тұрсынғали Еділов, Әбдісалан Нұрмаханов, Станислав Болдырев сынды мықты бапкерлер болды. Қазір де сол жақсы үрдістің жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі бапкерлер де шебер боксшыларды тәрбиелеп келеді. Мәселен, Махмуд және Төрехан Сабырхан секілді жастар осындай білікті мамандардан тәлім алды. Олар Астанада Нұрбек және Айбек Оралбай секілді білікті боксшылардың шығуына көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ Таразда Нұрлан Ақүрпеков сынды тәжірибелі маман әлі күнге дейін қаншама талантты жасқа жол ашып келеді. Мұндай білікті бапкерлер еліміздің барлық өңірінде кездеседі.

Алғашқы кезекте спорт мектептері мәселесін қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Оған аға бапкерлер тағайындау мәселесіне федерация назар аударса деймін. Оған қоса, осы мектептерге кімдердің қабылданғанын бақылауда ұстасақ, талантты жастарды табуға мүмкіндік арта түседі.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін бокстың орны ерекше. Ол елімізде жоғары бағаланады. Сондықтан кейде сын айтылып жатады. Оны жанашырлық деп санаймыз. Бұл сала мамандарының кеткен қателіктен сабақ алуына алып келеді. Рас, соңғы екі Олимпиадада біздің елімізге бокстан чемпиондық атақ бұйырған жоқ. Ол біздің жанымызға қатты батады. Дегенмен алдағы дүбірлі додада жанкүйер көңілінен шығатын нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамын. Қазір мықты боксшылар толқыны келіп жатыр. Олардың саны аз емес. Ерекше бәсекелестіктің арқасында бізден чемпиондар шығады.

Ермахан Ибраимов
Фото: Е. Ибраимовтың жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар