Құс фабрикасы, вагон шеберханасы — Атырауда 20 жоба жүзеге асып, 1 300 жұмыс орны құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1 300-ден аса жұмыс орны ашылады. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов есептік брифингте айтты.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың 10 айында Атырау облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер қалыптасқан.
— Өңірдің дамуының басты экономикалық драйвері — мұнай-газ саласы. Бүгінде құны 10,7 млрд доллар болатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл — полиэтилен өндіру жобасы, газсепарациялық қондырғы және газ өңдеу зауыты. Үшеуінде де жұмыс басталды және алдағы жылдары аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұдан бөлек, құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде «ATYRAU CHICKEN» құс фабрикасы мен «BKM Атырау» вагон дөңгелегін жөндеуге арналған шеберхананы атап өтуге болады.
Сонымен бірге, биылғы қаңтар-қазан айларында агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар.
— Негізінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында инвестжобаларды іске асыруға басымдық беріліп отыр. Келер жылы жалпы құны 48,3 млрд теңге болатын 12 жоба іске қосылады, — деді Атырау облысының әкімі.
Еске сала кетсек, Атырауда 450 гектарлық жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды. Экономикалық аймақтың жалпы аумағы 450 гектар, оның құрылымында Атырау-Доссор трассасы бойындағы 400 гектарлық өнеркәсіптік аймақ және Жылыой ауданындағы 50 гектарлық субаймақ кіреді.