Күшік кезінен асыраған итім Пшон қабаған емес еді – Зәмзагүл Жаңабаева

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде қап тасыған ит түсірілген бейнежазба тараған еді. Бір аптада бұрын, 27 қарашада сол итті атып кеткен. Бұған не себеп болды?

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

Иттің иесі – Зәмзагүл Жаңабаева. Оның отбасы Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында тұрады. 

Бұрын Сарытоғайда бөлек ауылдық округ бар еді. Кейін бұл округ таратылған. Қазір Махамбет ауылдық округіне қосылған. 

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

– Жеке иеліктегі үйімізде тұрғасын, ит асырағымыз келді. Сол себептен, жиен ағайыма күшік керек деп айтып жүруші едім. Ол Жалғансай округінде тұрады. Сол ағайымнан күшік алып, асыраған едік. Оған Пшон деп ат қойдық, - дейді Зәмзагүл Жаңабаева.

Пшон аталатын ит туралы видео биылғы көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзенінің жағалауында түсірілген. Видеодан иттің қап алып келе жатқанын көруге болады. 

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

– Көктемде тұрғындардың бәрі өзен жағалауына бөгет тұрғызуға шықты ғой. Ауылымызды тасқын судан қорғауға біз де атсалыстық. Сол кезде Пшон жанымнан қалмай, бірге барған еді. Итім бос жүрмесін деп, қап арқалатып қойдым. Көптің арасында жүрсе де бірде-бір адамға қауіп төндірген жоқ, - деді Зәмзагүл Жаңабаева.

Оның айтуынша, итті әдейі атқан. Бірақ, жаралы ит үйге келген.

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

– Бұралқы итті ататын арнайы бригада бар ғой. Жыл сайын солар ит атуға шығады. Бірақ, біздің итімізге тимеуші еді. Ит атуға округ әкімдігінен тапсырыс беріледі. Бұл жолы да ит атуға тапсырыс берілген. Көшеде жүрген бұралқы иттерді атқанда, Пшон ауыл шетіндегі лагерьге қарай қашқан екен. Сол кезде оны соңынан қуып барып, атып кетіпті. Мұны көрген ауылдастарым бар. Ал, жараланған итім үйге келді. Кейін аулада жатып, өліп қалды. Бірақ, неге екені белгісіз, ит атушылар Пшонның өлексесін алуға келмеді. Кешке дейін күттік. Кейін өлексесін көміп тастадық, - деді ит иесі. 

Ал, Махамбет ауылдық округінің Сарытоғай ауылындағы маманы Самал Жұбанованың айтуына қарағанда, көшеде бұралқы иттермен бірге Пшон да атылған. 

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

– Иесінде бұл итті тіркету туралы құжаты жоқ. Сырға да салынбаған. Құжаты болмаса, бұралқы ит саналады, -деп мәлім етті Самал Жұбанова. 

Иттің құжаты да, сырғасы да жоқ екенін Зәмзагүл Жаңабаеваның өзі де растады. 

– Менің итім қабаған емес еді. Бұралқы иттермен ырылдасып, төбелеспейтін. Тек бөтен иттің аяғының үстінен басып, сесін ғана көрсететін еді. Ал, адамдарға да, малға да үрмейді. Тіпті үйге келген адамға абалап үргенін көрген емеспіз. Жуас болғанымен, өзімізге сенімді серік болған еді. Көктемде көп адамның арасында қап тасып жүргенде, әкімдік мамандары «Иттің құжаты бар ма, сырғасы қайда?» деп неге айтпады? Енді құжаты жоқ екенін сылтауратып, атуға тапсырыс беріп отыр, -деді Зәмзагүл Жаңабаева. 

Ит иесінің пікірінше, Пшонды атуға бұрында да бірнеше тапсырыс болған. Бірақ, бұрынғы бригаданың адамдары оны атуға қимаған. 

Пшон ит
Фото: Зәмзагүл Жаңабаеваның жеке мұрағатынан

– Бүгін аудандық полиция бөлімі күйеуімді шақырды. Ол полиция қызметкерлеріне болған жайт туралы түсінік беріп келді. Онда ауылдық округ әкімдігінің маманы «Бұралқы итті атуға шағым түсті» депті. Біздің ауылда Пшонды атуға ешкім шағым бермегеніне сенемін. Бірақ, адамға да, малға да зияны жоқ ит атылды. Енді не істей аламыз? Күйеуім полиция қызметкерлеріне «Талабым жоқ» депті. Полицияға өзім барсам, «Пшонның орнына күшік тауып беріңдер» дер едім, -дейді Зәмзагүл Жаңабаева. 

Еске сала кетелік, көктемгі су тасқыны кезінде Атырауда ит те бөгет салуға көмектесіп жүргені хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар