Құтқарушылар Оңтүстік Қазақстанда ауыл тұрғынын іздестіру үшін квадрокоптерді іске қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында жоғалып кеткен адамды іздестіруде.

Құтқарушылар Оңтүстік Қазақстанда ауыл тұрғынын іздестіру үшін квадрокоптерді іске қосты

«Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаменінің жедел кезекшілік басқармасының пультіне 2016 жылғы 23 сәуірде 12.30-да Ордабасы ауданының Бөген ауылының 1986 жылы туылған тұрғыны, І топтағы мүгедек 22 сәуірде шамамен 07:00-де үйінен шығып кеткен, содан бері оралған жоқ, деген шұғыл хабар келіп түсті. Іздеу тобы ұйымдастырылды. Ордабасы ауданының Бөген ауылында Түркістан магистральді арнасында ОҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының, №8 және 18 өрт сөндіру бөлімдерінің, Ордабасы ауданындағы «Бадам» өрт сөндіру бекетінің, аудандық ішкі істер бөлімінің, сондай-ақ туыстары мен жергілікті тұрғындардың бірлескен күшімен іздестіру жұмыстары жүргізілуде», - деп әңгімеледі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлв.

Іздестіру тобы, соның ішінде ОҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері Түркістан магистральді арнасының 35 шақырымдық аумағын, квадрокоптермен екі бағытта 3 шақырым жер тексерілді.

Р.Иманқұловтың айтуынша, іздестіру жұмыстарына 73 адам, 3 бірлік техника, 1 моторлы және 1 үрлемелі қайық, 1 квадрокоптер жұмылдырылған.

Іздестіру жұмыстары жалғасуда.