Күйді түсіну үшін дайындық керек: белгілі күйші тыңдарман мәдениеті туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Күйді түсіну үшін домбыра үнін тыңдау аздық етеді. Бұл өнер тыңдарманнан да дайындық пен терең сезімді талап етеді. Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында күйші, композитор Айбек Бекбосын күй мәдениеті мен бүгінгі тыңдарман талғамы туралы әңгімеледі.
– Қазір күй тыңдамайды деген сөзді жиі естиміз. Бірақ мәселе тыңдарманда емес, күйдің табиғатында шығар. Күй деген өте күрделі өнер, – дейді Айбек Бекбосын.
Өнер иесі күйдің кез келген музыкалық шығарма сияқты бірден қабылдана салмайтынын айтты. Оның сөзінше, бірнеше минутқа созылатын күйдің өзіне тұтас дәуірдің тағдыры, елдің мұңы мен арманы сыйып кетеді.
– Күй деген күрделі өнер. Қазақтың басынан өткен тарихы да, қуанышы да, қайғысы да осы домбыраның үнімен жеткен. Мысалы, Қабанбай батыр туралы күй шығарсаң, үш-төрт минуттың ішінде батырдың бүкіл болмысын жеткізу мүмкін емес. Абайға арнап күй жазсаң да солай. Бірақ күйші ретінде өз дәуіріңнің, өз ұлтыңның рухына қызмет еткің келеді. Күйдің салмағы да осында, – дейді ол.
Композитордың айтуынша, күй өнерінің ерекшелігі де сол. Әнді көпшілік бірден қабылдауы мүмкін, ал күй тыңдарманнан сабыр мен сезімді талап етеді. Сондықтан күй кешіне келген адам да оған рухани тұрғыда дайын болуы қажет.
– Бір концертімнен кейін бір ақсақалдың айтқан сөзі есімде қалып қойды. Ол кісі «күй кешіне көрерменнің өзі дайындалып келуі керек» деді. Шынында да солай. Бұл отыра қалып тыңдай салатын дүние емес. Әсіресе шертпе күйді түсіну үшін жүрек керек. Кейде «Қоңыр», «Салтанат» сияқты күйлерді орындағанда залдағы адамдардың көз жасын көріп жатамыз. Сондай кезде күй тыңдарманның жүрегіне жеткенін түсінесің, – дейді күйші.
Айбек Бекбосын шығармашылықтағы шабыттың да өз заңдылығы бар екенін айтады. Оның сөзінше, күй арнайы жоспармен туа салмайды. Кейде ұзақ уақыт мазалаған ой немесе қоғамдағы белгілі бір оқиға жаңа туындының дүниеге келуіне себеп болады.
Соның бірі пандемия кезінде жазылған «Дала» күйі. Өнер иесінің айтуынша, ел ішінде белгісіздік пен алаңдаушылық күшейген кезеңдегі көңіл күй шығарманың негізгі өзегіне айналған.
– Пандемия кезінде бәрі тоқтап қалғандай көрінді. Ұшақ ұшпайды, жол бос, адамдардың көңілі алаң. Сол кезеңдегі көңіл күйден бір мұңды күй туды. Кейін аға буын өнер адамдары оның атын «Дала» деп қойды. Жалпы мен отырып алып күй шығарайын демеймін. Шабыт кейде таңғы төртте келеді, кейде жолда келе жатқанда келеді, кейде күтпеген жерде келеді, – дейді композитор.
Оның айтуынша, күй өнерінің болашағына қатысты алаңдауға негіз жоқ. Керісінше соңғы жылдары домбыраға қызығатын жастардың қатары көбейген.
– Қазір жастар өте мықты. Сабақ алуға келеді. Кейде өзім олардың ізденісіне таңғаламын. Бұрын біз бәрін нота арқылы үйрендік. Қазір олар технологияны пайдаланады, түрлі тәсілдерді меңгереді. Бірақ ең бастысы өзгерген жоқ, олардың домбыраға деген ықыласы бар. Сондықтан қазақ күйінің болашағына сеніммен қараймын, – дейді Айбек Бекбосын.
Айта кетейік, бұған дейін, оннан астам этно аспапты меңгеріп алған ақтөбелік күйші жайлы жазған едік.