Күзде Қазақстанда харассмент туралы заң жобасы қаралады
АСТАНА. KAZINFORM – Харассмент туралы заң жобасы осы күзде Парламент қарауына енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкіметте өткен брифингіде айтты.
– Бұл түзету Халықаралық еңбек ұйымы ұсынымдары аясында бастама етіп көтерілді. Өзім бірінші вице-министр болып жүргенімде халықаралық ұйым бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да харассмент ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту жөнінде ұсыным берген еді, – деді Еңбек министрі тілші сұрағына берген жауабында.
Еңбек министрлігі әзірлеген заң жобасында осыған қатысты түзетулер енгізілді. Онда харассментке қатысты ұғым қарастырылды. Екіншіден, мұндай фактілер анықталған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі белгіленген.
Қазіргі уақытта бұл түзетулерді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Paryz» жұмыс берушілер конфедерациясы қызу талқылап жатыр.
– Менің ойымша, түпкілікті шешім Парламентте қабылданады. Заң жобасының өзін биылғы күзде Парламент (Құрылтай) қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Асқарбек Ертаев.
Айта кетейік, инвесторларға жүргізілетін тексерулер 6% қысқарды.