Күзде орыс жастары арасында «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқау жарияланады
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымы қазақ тілін меңгерген жастарға қолдау көрсету, тіл мәдениетінің деңгейін көтеру мақсатында орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқауын жариялайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқауға 14-22 жас аралығындағы жастар қатыса алады. «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқауы 2010 жылдың қыркүйек - желтоқсан айларында екі кезең бойынша өткізіледі.
І кезең - аймақтық, ол 2010 жылғы қыркүйектің 6-сы мен желтоқсанның 6-сы аралығында облыстар және Астана мен Алматы қалалары бойынша өткізіледі.
ІІ кезең - республикалық, ол 2010 жылғы желтоқсанның 14-де Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымының ұйымдастыруымен Астана қаласында, Ресей ғылым және мәдениет орталығындаөтеді.
Байқаудың бірінші кезеңінің ұйымдастырушысы жергілікті басқару органдары мен Қазақстанның орыс қауымы филиалы, ал ақтық мәренің ұйымдастырушысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мен Қазақстанның орыс қауымы болып табылады.
Байқаудың бірінші кезеңінің шарттары:
Бірінші номинация - қатысушылар сауалнама толтырып, лексико-грамматикалық тест тапсырмаларын орындайды. Орындау уақыты - 1 сағат.
Екінші номинация - жазбаша және ауызша тапсырмалардан тұрады (билеттік жүйе).
а) ауызша тапсырма: үміткерлер жұп-жұбымен берілген тақырып бойынша диалог құрады;
ә) жеке жазбаша тапсырманы орындау.
Үшінші номинация (билеттік жүйе) - қазақ әдебиеті классиктерінің өмірбаяндарын қысқаша баяндау және прозалық немесе поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу (3-5 минуттан кем болмауы тиіс).
Байқаудың екінші кезеңінің шарттары:
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
- «Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл» атты ауызша таныстырылым (электронды, көрнекі және басқа нұсқаларды пайдалануға болады, 3-5 мин.);
- «Тіл - мәдениет мұраларына жол» әдеби-мәдениеттанушылық тест. Тапсырманы орындауға 30 минут беріледі
- қазақ әдебиет классиктерінің және қазіргі заманғы жазушылардың туындыларынан үзінділерді мазмұндау, мәтінді лингвистикалық-стилистикалық талдау (билеттік жүйе);
- шығармашылық тапсырма «Шабыт жұлдызы»: халық аспаптарында ойнау, ұлттық ән, би, көркем сөз оқу т.б. арқылы қазақтың ұлттық мәдениетін көрсету (үй тапсырмасы). Берілетін уақыт 5-7 минут.
Республикалық байқаудың жеңімпаздары ақшалай және лауреат дипломдарымен марапатталады.
Байқауға қазақ мектептерінде және жоғарғы оқу орнында «қазақ филологиясы» мамандығында білім алушылар, сонымен қатар алдыңғы байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыстырылмайды.