Квазимемлекеттік сектордың 5,4 мыңнан астам ұйымы бірыңғай цифрлық кадрлық есепке көшті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың 5 453 ұйымы кадрлық есептің цифрлық форматына көшті.

Квазимемлекеттік сектордың 5,4 мыңнан астам ұйымы бірыңғай цифрлық кадрлық есепке көшті
Фото: Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы

Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесіне («БКЖ» АЖ) 2 500 ұйым қосылды, оның ішінде 1 050 ұйым үшінші тоқсанда қосылған.

— Бірыңғай цифрлық платформаға көшу квазимемлекеттік сектордағы кадрлық әкімшілендіруді трансформациялаудың маңызды кезеңіне айналды. Кадр қызметтері үшін қолмен атқарылатын операциялардың көлемі айтарлықтай қысқартылды. Жүйеде қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, ауыстыру және жұмыстан босатуды қоса алғанда, шамамен 80 кадрлық процесс автоматтандырылып, стандартталды, — делінген хабарламада.

Орталықтың мәліметінше, цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі — кадрлық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты оңтайландыру болды. Бұрын бір құжатты дайындауға орта есеппен 30 минут кетсе, қазір бұл процесс 30 секундқа дейін қысқарды.

— Бірыңғай цифрлық форматқа көшу аясында «БКЖ» АЖ-ға шамамен 818 мың қызметкер туралы деректерді енгізу жұмыстары жүргізілді. Шоғырландырылған деректер кадр қызметтеріне персонал туралы өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізуге және кадрлық рәсімдерді бірыңғай жүйеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұйымдарды «БКЖ» АЖ-ға қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі және кадр қызметі мамандарын оқытумен, сондай-ақ пайдаланушыларға консультациялық және техникалық қолдау көрсетумен қатар жүреді, — деп хабарлады орталық.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда QR-төлемдер мен цифрлық теңгені дамытуға жаңа шаралар ұсынылғанын хабарлаған едік.