Қылмыстық істерді қараудағы ең басты қиындық - алқабилерді іріктеу
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының негізінде бірқатар конституциялық, тағы басқа негізгі заң салаларындағы қатынастарды реттейтін заңдар қабылданды. 1998 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізілді.
2002-2010 жылдар аралығында қылмыстық сот төрелігі заңнамалары Құқықтық саясат тұғырнамасы негізінде дамыды. Осы уақыт аралығында Қазақстанда алғаш рет француз үлгісі тектес алқабилер қатысуымен сот ісін жүргізу тәртібі енгізіліп, 16 қаңтар 2006 жылы қабылданған «Алқабилер туралы» заң қолданыла бастады.
Бүгінгі күнде бұл жүйенің қолданысы кеңейтіліп, тоғыз қылмыс құрамынан басқа, барлық аса ауыр қылмыстарға қатысты, барлық айыпталушыларға таңдау мүмкіншілігі берілген. Алқабилер институтын енгізудің алғашқы жылдарында айыпталушылар оған сенімсіздікпен қараса, соңғы жылдары істі алқабилер қатысуымен қарау туралы өтініштер саны өсуде. Аталған істерді қарау сапасын арттыру үшін Елбасы Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қараудағы ең басты қиындық - алқабилерді іріктеу мәселесі. Заң талабы бойынша облыстық сот төрағасы ұсынған сан негізінде жергілікті атқарушы орган жыл сайын алқабиге үміткерлердің бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімдерін жасап, сотқа жолдайды.
Әр қылмыстық іс бойынша 200 алқабилікке үміткер шақырылса да, сотқа әртүрлі себептермен 45-50 адам ғана жиналады. Кей кезде үміткерлердің қажетті саны жиналмауына байланысты сот мәжілісі кейінге қалдырылып жатады. Үміткерлердің келмеуінде объективтік себептермен қатар субъективті жайлар да орын алуда, мысалы, оларды мекеме басшылары жұмыстан босатпауы, босатқан кезде де, орынсыз өкпе білдірулері. Осыған байланысты, алқабидің сотқа келуіне кедергі келтірген лауазымды адамның Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 514-1-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын ұмытпағаны жөн. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган берген тізімдер бойынша көптеген адамдардың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны немесе көрсетілген мекенжай тұрғын үй емес мекеме болып шығатыны, тіпті, тізімге өмірден озған, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдар енгені анықталып жататыны туралы талай әңгіме болды. Өздерінің тізімге енгізілуіне қарсы екендері туралы сотқа ауызша мәлімдеме жасағандар да болды. Жергілікті атқарушы орган алқабилікке кандидаттардың алдын ала тізімі жасақталып жатқаны, әркімнің онымен танысып, өз пікірлерін мәлімдеу құқығы бары туралы баспасөз бетінде, жергілікті радио, теледидар арқылы жарнама берсе, бірталай мәселе шешімін табар еді. Бұл жол көп уақыт және қаржы шығындарын талап етпейді, өйткені, жылына бір рет атқарылатын іс.
«Алқабилер туралы» заңның 4-бабында жергілікті атқарушы орган үміткерге қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуін тексеру үшін мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан қажет ақпаратты сұратуға құқылы екені көрсетілген. Жауаптар сауал алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жіберілуге тиіс. Осыған байланысты, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Әділет министрлігі, Халыққа қызмет көрсету РМК, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің жергілікті органдары жоғарыда айтылған жергілікті атқарушы органның сауалдарына жауап беру жұмысын жандандыру жолын қолға алса, үміткерлер тізімдері ұтымды іріктелер еді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 551-бабына сәйкес, сотқа қатысушы тараптар алқабилікке кандидаттардан өздерінің және жақын туыстарының соттылығы, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы, құқық қорғау органдарына немесе сотқа мәжбүрлеп әкелгендігі туралы мәліметтерді анықтауға құқылы.
Осыған орай, жергілікті атқарушы орган бастапқы алқабилер тізімін жасақтау барысында сұраныс жолдайтын және қажетті мәлімет беруге тиісті өкілеттік берілген орган санын кеңейту, оған Ішкі істер министрлігінің жергілікті басқармаларын қосу қажет деген де ой-пікірлер айтылады. Себебі, әр адамның өзінен басқа жақын туыстарының қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, қылмыстық қудалау органына немесе сотқа мәжбүрлеп әкелгендігі туралы мәліметтер ішкі істер органдарында ғана болады. Бұдан басқа, аймақтық инспекторлар өз ауданындағы есепте тұратын адамдарды жалпылама білетіні сөзсіз. Қорыта келе, алқабилер сотының сот жүйесінде орны бөлек екенін айту қажет. Біріншіден, ол қоғамды тәрбиелейді, себебі, алқаби ретінде сотқа бір рет қатысып көрген азаматтың билікке, сот шешіміне деген көзқарасы өзгереді; бұл жай оның өмірдегі өз шешіміне жауапкершілікпен қарау санасының қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.
Екіншіден, аз да болса осы уақыт аралығындағы сот тәжірибесінен байқағанымыз, істің алқа билер қатысуымен қаралу мүмкіндігі қылмыстық қудалау органының тергеудің сапасын көтеру, тергеушілердің біліктілігін жоғарылату жұмысына ықпал етеді, ал сот отырысында нақты бәсекелестік пен ұтымды сөз таласуға кең жол беріледі, мемлекеттік айыптаушы мен адвокаттың рөлін күшейтеді және олардың өз міндетін аса жауапкершілікпен, ерекше пайымдылықпен атқаруға бағыттайды.
Шиналханов