Қымызға қырын қарағанша, арақты неге азайтпаймыз?
Адам басына шақса, еліміздегі әрбір азаматқа жылына орта есеппен 5,5 литр таза этил спирті немесе 11 литр арақтан келеді. Сөйтіп, Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі арақ ішуден «чемпион» атанып отыр. Осындай, келеңсіз құбылыстың қоғам бойына етене еніп кетпеуіне алаңдаған Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма жүктеп, арнайы заң жобасы арқылы этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуді жүктеген болатын. Бүгін осы заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы тұтастай алғанда бірқатар маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Атап айтқанда, біріншіден, күштілігі жоғары алкогольдің бағасын біртіндеп көтеру, екіншіден, сату орындары мен сатылу уақытын шектеу, үшіншіден этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру мен айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту қарастырылады. Ең бастысы көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған жекелеген іс-шаралар қамтылмақ. «Заң жобасына сәйкес, күшті алкоголь өнімдерін сату уақыты он бес сағатқа дейін, яғни мейрамханаларды, дәмханалар мен барларды қоспағанда, кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен сатуға тыйым салынады. Бұл негізінен 30 градустан жоғары болатын спиртті ішімдіктерге байланысты болып табылады. Ал күштілігі бұдан төмен алкогольдерге уақыттық шектеулер бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым болады», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Бұдан бөлек, заң жобасында спиртті ішімдіктердің сатылу орындарын шектеу мәселелері де көзделеді. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршектерде, сондай-ақ белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Ал жаңа заң жобасымен бұған денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелерінің ғимараттарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстарда тыйым салынатын болады. Сонымен қатар автожанармай құю стансаларында тыйым салу белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасында бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімін сатып алудан сақтандыру мақсатында алкоголь өніміне арналған есептік-бақылау таңбаларының төлнұсқалығын айқындайтын құралдарды енгізу көзделеді. Осылайша, тұтастай алғанда, заң жобасы еліміздің экономикалық мүдделеріне, экономикалық қауіпсіздігіне, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажеттігіне жұмыс істемек. Бұл ретте мемлекет этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы процесінде туындайтын құқықтық қатынастар саласындағы қатысушыларға ықпал етудің тиімді тетіктерін иеленетін болады.
Құжатты талқылау барысында алуан-алуан пікірлер айтылды. Солардың бірі «балалар мекемелерiнде, білім беру ұйымдарында және оларға iргелес «100 метр» радиустағы аумақтарда алкоголь сатуға тыйым салу» туралы қолданыстағы норманы алып тастауға қатысты болып отыр. Қолданыстағы заңнамада аталған норма негізінен балаларды алкоголь өнімінің қаупінен сақтау үшін енгізілген болатын. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл норма мәселені шешпеді. Оның үстіне бұндай тыйым салу бизнес жүргізуге де кедергі болып табылады. Осылайша, Қаржы министрлігі бұған дейін шектеу салынған «100 метрлік аумақты» алып тастап, оның есесіне балаларға алкоголь өнімін саудалағандарға айыппұлды еселеп көтеруді ұсынған болатын.
Дегенмен, ондай шектеуді алып тастауға қарсылық танытқандар да жоқ емес. Мәселен, «осы 100 метрлік шектеуді алып тастасақ кәсіпкер ісі дөңгелеп кетеді дегенге еш сенбеймін» дегенді алға тартады депутат Алдан Смайыл. Сонымен қатар, депутат атқарушы билік өкілдеріне «ұлт саулығын ойласаңдар арақ-шарап демей, қымыз бен шұбатқа қатысты заң жобасын әкеліңдер» дегенге саятын наз айтты. «Орталық Азиядағы ең көп ішетін ел Қазақстан екен. Бұл күлдіретін емес, жылататын мәселе. Бізде арақтың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды. Қаншалықты ұрпақ арақ кесірінен аурушаң, қабілетсіз болып жатқаны туралы бірде-бір зерттеу жоқ. Мұны зерттейтін түріміз де жоқ», - деді депутат. Сонымен қатар, заң жобасына тоқтала келе А. Смайыл кәсіпкерлерді арақ сату арқылы пайда табуға итермелемей, оларды халыққа, экономикаға пайдалы кәсіптер ашуға жағдай жасау керектігін сөз етті. «Кәсіпкерлер үшін арақты осыншама қастерлейміз бе енді? Жалпы, ұрпағын ойлаған елдерде заң басқаша. Норвегияда болдық, ол елде демалыс пен мейрам күндері мейрамхана мен дүкеннің ешқайсысында арақ сатылмайды. Егер сататын болса, лицензиядан біржолата айрылады. Сонда Норвегия арақтан түсетін пайданы ойламай отыр ма? Ойлайды. Бірақ, олар ұрпақ үшін осындай әрекетке барып отыр», - дейді А. Смайыл. Оның айтуынша, Ресейдегі арақтың зардабын тува, якут секілді елдерде «арақсыз ауыл», «арақсыз аудан», «арақсыз қала» деген қозғалысты жандандырып, біршама нәтижеге жетіп отыр. Ал Қазақстан неге осындай игі қадамдарға бара алмайды? Осыған орай, депутат арақтан гөрі ұлттық тағамды дамыту мәселесіне ден қоюы керектігіне назар аударды.
«Біз талай ұсыныс бердік, бірақ соған құлақ түрген ешкім жоқ. Арақ-шараптың орнына ұлттық тағам қымыз бен шұбатты көбейту туралы айттық, ешкімнің қаперіне келмеді. Түсініксіз. Неге арақтың төңірегіне үйіріле береміз, пайдалы іске неге жұмылмаймыз. Мен соған орай, Үкіметке тілегім бар: арақ-шарап туралы заңды қабылдадыңыздар, енді ұлттық тағамдар туралы заң жобасын әзірлеңіздер. Біз ұлтқа керексіз дүниені қабылдай бермей, өзімізге қажетті заңдарды қабылдайық. Үкімет істемесе депутаттар ондай заңды өзіміз жазайық», - деді депутат.
«Арақты тыйып, қымызға басымдық берейік» дегенді жалпы депутаттардың басым бөлігі қолдайды. Дегенмен, кез келген мәселенің экономикалық қауіпсіздік тұрғысын ойлауды алға тартқандар да болды. Айталық депутат Тұрсынбек Өмірзақов «қымызды қолдауға мен де екі қолымды көтеремін, алайда арақ пен қымызды бір орынға қойып салыстыруға еш болмайды», - дейді.
«Бұл екі түрлі өнім. Оларды әртүрлі бағытта пайдалануға болады әрі алынатын табысты да деңгейге қарай саралауымыз керек. Біз аграрлы мемлекетпіз. Бізде бидай жоқ болса, бұл - проблема, ал бізде бидай көп болса, бұл да - проблема. Шикізатты кейде жосықсыз шірітіп жататынымыз сондықтан», - дейді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.
Сөйтіп, арақ саудасы туралы пікірталаспен басталған заң жобасы қымызға барып бір-ақ тірелді. Ал ондай ұлттық тағамды заңнама деңгейінде ұлықтаудың қажеттілігін депутат Алдан Смайыл бұған дейін де дүркін-дүркін көтерген болатын. «Ұлт тәрбиесінің бір ұшы оның ұлттық тамағында. Егер ұлттың өзінің тарихи тағамы жоғалатын болса ол ұлт ауруға ұшырайды деп Әл-Фарабидің өзі айтып кеткен екен. Осыны 18 ғасырда Францияның генетиктері де дәлелдеген. Ұлттық тағам жоғалып барады, соны оралту керек, ұлт құриды деп жазушылары да айғайлаған. Қымыз туралы заң керек деуіміздің бір мәні де осында», - деген еді Алдан Зейноллаұлы. Ендеше осынау маңызды мәселені Үкімет құп көрсе игі.