Қырғыз фермерлерінің өнімдері Астана базарларында сатылуы мүмкін - Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрі Т.Беков
БІШКЕК. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстанда жергілікті шаруалар үшін көктемгі егіс жұмыстарына арналған көмек ретінде несиелерді беру басталды.
Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың болашағы жайлы Қырғызстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Тороғұл Беков әңгімелеп берген еді.
- Ең алдымен, Қазақстан мен Қырғызстан стратегиялық әріптестер, тығыз экономикалық байланысы бар тарихи тұрғыда бір-біріне жақын мемлекеттер. Осы жерден кең ауқымды ынтымақтастық басталады. Ауыл шаруашылығы саласына тоқталатын болсақ, Қырғызстан мен Қазақстан арасында екіжақты тиімді мүдделер бар.
Мысалға, былтырғы жылы Қазақстанда құрғақшылық болды, картоп өнімі аз шықты. Су ресурстары бар таулы Қырғызстан елінде керісінше, картоп бұрынғы орташа көрсеткіштерден артық алынды.
Үкіметаралық уағдаластықтарға сәйкес, Қырғызстан фермерлерінің өнімдері сіздердің елдеріңізге экспортталды, сол арқылы Ресейге қарағанда бағаны ұстап тұруға, тапшылықты жоюға мүмкіндік туды.
Өз кезегінде Қырғызстанда Қазақстаннан астықтың импортталуына қызығушылық бар.
Ағымдағы жылы қырғыз өндірушілері Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға көмектесе алады. Мысалға, қырғыз өнімі Астана базарларында жақсы сапамен төмен бағада сатылуы мүмкін. Ол үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау керек.
- Пікір білдіргеніңізге рахмет!