Қырғыз Үкімет басшысы қазақ еліне ресми сапарлайды
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - 1-3 шілде аралығында Астанаға Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Өмірбек Бабанов ресми сапармен келеді. Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, сапар барысында қырғыз тарабы еліміздің жоғарғы басшылығымен келіссөздер өткізіп, кездесулер аясында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары мен өзекті аймақтық және халықаралық мәселелері бойынша пікір алмасады. «Сондай-ақ, сапар аясында қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің кезекті үшінші отырысы өткізіледі», - деді ол.
Айта кетейік, 2011 жылдың қорытындысына сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымы 750 млн. 337 мың АҚШ долларын құрады, ал үстіміздегі жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 281 млн. 325. мың АҚШ долларына жетті.