Қырғызстан азаматтарын Қазақстан аумағында тіркеу мәселелері Бішкектегі кездесуде талқыланды

БІШКЕК. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Бүгін Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев Қырғызстан уақытша үкіметі төрайымының орынбасары-қаржы министрінің міндетін атқарушы Темір Сариевпен кездесу өткізді.

Қырғызстан азаматтарын Қазақстан аумағында тіркеу мәселелері Бішкектегі кездесуде талқыланды

Кездесу барысында Т.Сариев Н.Әбіқаевтың бұл сапары екі мемлекет пен бауырлас халықтардың көршілес және достық қарым-қатынасының жақсы белгісі болып табылатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, Т.Сариев сұхбаттасушысына Қырғызстанның қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайы, уақытша үкіметтің жоспарлары мен қызметі, атап айтқанда, ел Конституциясының жаңа нұсқасы бойынша жалпыхалықтық референдумның дайындалу барысы, сондай-ақ парламенттік сайлау туралы ақпарат берді.

Кездесуде қырғыз-қазақ мемлекеттік шекараларындағы барлық пункттердің ашылуына, сондай-ақ қырғызстандық азаматтарды Қазақстан аумағында тіркеу режіміне баса көңіл бөлінді.

ҚР уақытша үкіметі төрайымы орынбасарының пікірінше, Қазақстанмен болатын стратегиялық әріптестік пен одақтық қарым-қатынастар Қырғызстан сыртқы саясатының ең маңызды басымдығы болып қалады, және де уақытша үкімет қазақстандық инвестицияларды сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қолға алуда.