Қырғызстанның журналисі Геннадий Павлюктың өліміне қатысты бірнеше азаматтар анықталды - ҚР ІІМ

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифинг барысында ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент басшысы атап көрсеткендей, қазіргі кезде аталған қылмыстық іс бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуде. Сондай-ақ Қырғызстан өз тарапынан арнайы тергеу тобын құрды. «Қазіргі кезде Алматы қаласында орын алған қырғызстандық журналист Геннадий Павлюктың өліміне қатысты бірнеше азамат анықталды. Бірақ тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты барлық ақпаратты жариялай алмаймыз. Барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін біз осы іске қатысты мәліметтерді ұсынатын боламыз», - деп атап көрсетті Қ.Жұманов.
Айта кетейік, қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы пәтерлердің бірінде белгісіз себептермен қайтыс болған. Бұған дейін оның Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш қызметкерімен осы пәтерде кездескені туралы ақпарат бар.