15:22, 19 Наурыз 2014 | GMT +5
Қырымбек Көшербаев автобус жолбағытына отырды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін қаладағы «Мәңгілік от» мемориалдық кешені басында 20 жаңа автобусты қала жолбағытына қосу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, алғашқы рейске өзі жолаушы боп отырды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Бұл жолаушылар тасымалдайтын автобустарды қала тұрғындарының күткеніне де біршама уақыт болды. Сол игі істің сәті бүгін түсті.
Оңтүстіккореялық көліктер қала көшелерінде жүруге ыңғайлы. Жаңа автобус жүргізушілерінің мол тәжірибесі болуы шарт. Осыған дейін қытайдан келген мамандар жүргізушілер мен кондукторларға халыққа қызмет көрсету бойынша сабақ жүргізіп қайтқан болатын.
Автобустар қаладағы №17 жолбағытқа жіберілді. Оның алғашқы жолаушыларының бірі болып облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Мәңгілік от» аялдамасынан жаңа мешітке дейін мініп келді. Алдағы уақытта мұндай жолаушылар автокөлігінің тағы да 100-і алынып, қала қозғалысына қосылмақ.