Қытай мен Қазақстан шынайы дос әрі барынша сенімді әріптестер деп санауға лайықты - ҚХР Мемкеңесі Премьерінің орынбасары Ван Цишань

Бұл пікірді бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өтіп жатқан Ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-қытай комитетінің 6-шы отырысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Ван Цишань білдірді.
«Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған мезеттен бастап біздің екі жақты қарым-қатынастарымыз тату көршілік, достық және ынтымақтастықтан ауқымды стратегиялық әріптестікке дейінгі жолдан өтті. Біз бір-бірімізге қатысты маңызды мүдделерде, өзекті мәселелерде үнемі бір-бірімізді қолдаймыз. БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырамыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қытай Қазақстанның екінші ірі сауда әріптесіне, сонымен қатар қазақ елінен ірі экспорттаушыға айналып отыр.
Отырысқа қазақстан тарабынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов төрағалық етуде. Алқалы жиында қауіпсіздік, энергетика, геология және жер қойнауын пайдалану, көлік, қаржы, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелер егжей-тегжейлі талқылануда.
Комитет құрамына 10 шағын комитет пен трансшекаралық өзендері пайдалану және қорғау жөніндегі қазақстандық-қытайлық бірлескен комиссия кіреді. Талқылау қорытындысы бойынша Ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-қытай комитетінің 6-шы отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылатын болады.