Қытай спортшыларының арасында Риода өнер көрсететін 35 Олимпиада чемпионы бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио олимпиадасының алауы жанғанға 16 күн қалды. Төртжылдықтың басты додасы жақындаған сайын әр ел өзінің Олимпиадаға жеңіп алған жолдамаларын санап, қанша медаль алуға мүмкіндіктері барын болжауда.

Қытай спортшыларының арасында Риода өнер көрсететін 35 Олимпиада чемпионы бар

Олимпиада ойындарында ойнатылатын жалпы медальдар негізінен АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдер арасында таласқа түседі. Биыл осы үш елдің қайсысы медальдар саны жағынан көш бастайтыны әзірге белгісіз. Алайда, Қытай мемлекеті Олимпиада тарихында Риоға тұңғыш рет ең көп жолдама жеңіп алыпты. Олар бұл туралы өздерінің jingji.sports.cn сайтында жариялады.

Қытай дерек көзіне сүйенсек, олар Олимпиадаға 26 спорт түрінен 416 жолдама жеңіп алған. Жалпы Риоға 711 адам баратыны айтылған. Жолдама жеңіп алған спортшылардың 256-сі әйел, 160-ы ер. Осы 416 спортшыға Риода 259 адам қызмет етеді. Олар бапкерлер, дәрігерлер, психолог мамандар. Бұлардың ішінде 29 адам арнайы Германия, АҚШ сияқты өзге елден келіп, қытайлық спортшыларға жоғары жетістікке жетуге атсалысып жүргендер. Риода өнер көрсететін спортшылардың 108-і Лондон олимпиадасына қатысқан. Жалпы Риода қытай құрамасының сапында 35 Олимпиада чемпионы өнер көрсетеді. Оның 27-сі Лондон олимпиадасының чемпиондары. 416 спортшының ішінде ең жасы жүзуші Яньхань - 14 жаста. Ең жасы үлкені оқ ату спортынан Олимпиада чемпионы 39 жастағы Чэнь Ин. Қытайдың 29 өлкесінен жасақталған спортшылардың қатарында қазақ, моңғол, дүнген, манзу сияқты он аз ұлт өкілінен 32 спортшы жолдама жеңіп алған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы қазірге дейін спорттың 26 түрінен 104 жолдама жеңіп алған болатын.