Қытай, Үндістан және Пәкістан парламентшілерінің Трансазиялық форумына қатысу еуразиялық кеңістіктегі диалогқа ықпал етеді - Қ.Тоқаев

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қытай, Үндістан және Пәкістан парламентшілерінің Трансазиялық форумына қатысу Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік және экономикалық даму мәселелері бойынша толық және жан-жақты пікір алмасуларға ықпал етеді. ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлағанындай, бұл жөнінде ЕҚЫҰ ПА вице-спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Венадағы Ұйымның тұрақты кеңесінде айтты.

Қытай, Үндістан және Пәкістан парламентшілерінің Трансазиялық форумына қатысу еуразиялық кеңістіктегі диалогқа ықпал етеді - Қ.Тоқаев

Қ.Тоқаев Кеңес мүшелеріне сөзін арнай отырып, ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы аясында Қазақстан Парламентінің және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылығымен Алматы қаласында мамырдың 14-і мен 16-сы күндері аралығында «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемдері» атты парламентшілердің Трансазиялық форумын өткізу жоспарланғанын айтты.

«Алматы форумына біздің орталықазиялық әріптестеріміздің қатысуы парламентаралық диалогқа және аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосуы мүмкін», - деп атап айтты спикер.

Трансазиялық форумның күн тәртібі туралы әріптестерін хабардар ете отырып, Қ.Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер және үкіметтер басшыларына ЕҚЫҰ Саммитін 2010 жылы өткізу жөнінде ұсыныс жасады.

Қ.Тоқаев бастаған қазақстандық парламенттік делегация ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Қысқы сессиясына қатысу үшін бүгін Венаға келді.