Қытайда 15 қазақстандық қылмыстық жазаға тартылса, оның 12-сі өмір бойы бас бостандығынан айырылған

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Қытайда 15 қазақстандық қылмыстық жазаға тартылса, оның 12-сі өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған тұлғаларды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын ұсынған ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов айтты.
None
None
«Қазіргі уақытта Қытай түрмелерінде 15 қазақстандық қылмыстық жазаға тартылған. Оның 12-сі өмір бойы бас бостандығынан айырылса, қалған үшеуі 10 жылға сотталған. Мәселен, Қазақстан азаматы Қасенов жолсерік болып жүріп, Қызыл кітапқа енгізілген таспақаны контрабандалық жолмен тасымалдағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Ол 2002 жылдан бері Үрімші қаласында жазасын өтеуде. Қаржылық мүмкіндіктерінің болмауынан оның туыстары Қытайға бара алмайды, сондықтан бізге оны ауыстыру туралы өтініш беруде. Дегенмен екі елдің арасында осы келісімнің болмауы салдарынан біз Қытай тарабына мұндай өтініш бере алмаймыз», - деді ол. Алайда Ж.Асановтың атап өтуінше, Қасеновті Қазақстанға қайтару не болмаса қайтармауды Қытай тарабы шешеді. Жалпы, аталған келісім ратификацияланған жағдайда ресми сұрау салу мүмкіндігі туады әрі оған Қытай тарабы жауап беруге міндетті. Бас прокуратура осы құжаттың арқасында Қытайда жазасын өтеп жатқан 15 азаматтың кемінде 10-ын отанына қайтаруға үміттеніп отыр. Айта кетерлігі, біздің елімізде де Қытайдың 20 азаматы жазасын өтеуде.
Соңғы жаңалықтар