Қытайлық СМЕС Қазақстанда глифосат өндіретін зауыт салуға көмектеспек
БОАО. ҚазАқпарат- «Бірлескен химиялық компания» ЖШС қытайлық СМЕС компаниясымен бірлесіп Қазақстанда глифосат өндіретін зауыт салмақшы. Бұл туралы «Самұрық Қазына» мемлекеттік холдингінің басшысы Өмірзақ Шөкеев Боаода өткен Азиялық экономикалық форум барысында хабарлады.
Оның айтуынша, глифосат өндіретін жаңа зауыт «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында құрылатын болады. Жобаның алдын ала құны шамамен 250 млн. доллар.
СМЕС қытайлық компаниясы заманауи стандартқа сәйкес келетін глифосат өндіру технологиясын ұсынды. Таяу уақытта тараптар тиісті келісімге қол қоймақшы.
«Бірлескен химиялық компания» ЖШС «Тараз химиялық паркі» АЭА-да 16 жаңа кәсіпорыннан тұратын химиялық кластер құруды жоспарлап отыр.
Қытайлық машиналық жабдық бойынша инженерлік корпорация (СМЕС) қытайлық SINOMACH (China National Machinery Industry Corporation) мемлекеттік холдингінің еншілес компаниясы болып табылады. Ол 1978 жылы құрылған.
ҚХР-да СМЕС-тің 27 еншілес компаниясы жұмыс істейді. Бұдан басқа, компанияның шетелде және Гонконгте орналасқан 13 кәсіпорынның бақылаушы акциялар пакеті бар.
Қытайлық машиналық жабдық бойынша инженерлік корпорацияның вице-президенті Цзинь Чуньшэн оның компаниясы Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді дамытуға және химиялық өнеркәсіп, энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендігін айтты. «Қазақстанда бірлескен өндірістерді құруға мүдделіміз, өйткені бұл Кеден Одағы нарығына шығуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Цзинь Чуньшэн.