Қыз баланың өліміне себепші ауылдық округтің экс-әкіміне қатысты іс соттың қарауына түсті

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске салсақ, өткен сәуір айында кешкі сағат он жарым шамасында ауылдық округтердің бірінің әкімі жолдың жиегімен кетіп бара жатқан қызды қызметтік көлігімен қағып кеткен болатын. Ауыр жарақаттарға байланысты қыз бала бір жарым сағаттан кейін аудандық ауруханада жан тәсілім етті.
Анықталғандай, әкім үш бөтелке сыраны сіміріп алып, рульге мас күйінде, еш құжатсыз отырған. Оның үстіне, жәбірленушіге алғашқы көмекті көрсетпей, оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Бірақ оны жақын маңда өтіп бара жатқан полиция қызметкері байқап, тиісті орынға жеткізді.
Айыпталушы 1965 жылы дүниеге келген, 4 баланың әкесі. Ауыл әкімі қызметін бар-жоғы үш жыл атқарған. Оқиға салдарынан аудан әкімінің өкімімен ол «2013 жылдың 12 сәуірінде қызметтен тыс уақытта қызметтік автокөлікті мас күйінде басқарғаны, адам өліміне әкеліп соққан жол көлік оқиғасын жасағаны және заңмен белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамағаны үшін» ауыл округі әкімі қызметінен босатылды.
Күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 296-бабы, 2 бөлігімен (абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы) және 297 бабымен (жол-көлiк оқиғасы болған орыннан кетiп қалу) қылмыстық іс қозғалды.
Ол 296-баптың 2-бөлігінің санкциясымен үш жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан және бес жылға дейiн бас бостандықтан айырылуы мүмкін. Ал 297-бап екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандықты шектеуді, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруды, екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандықтан айыруды қарастырады.
Қазіргі уақытта іс аудандық сотта қарауға тағайындалуда.