Қызметкерлерін Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа қайта қабылдап, субсидия алып келген кәсіпорындар әшкереленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокуратура органдары ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған заңдарды қолдану (2013-2014 жылдар және 2015 жылдың 1-жартыжылдығы кезеңінде) мәселесі бойынша жоспарлы тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
None
None

Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардың «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын (бұдан әрі - бағдарлама) орындалы, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар берудің заңдылығы қамтылды.

Тексерулер көптеген жағдайда жергілікті атқарушы органдардың бұзушылықтарға жол беруіне олардың бағдарламаны іске асыруға немқұрайлы қарауы себеп болып табылатынын көрсетті.

Қазақстандық мамандарды жалған оқытудың 120-дан астам фактісі анықталды, бұл олардың біліктілігінің өте төмен болуына, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіздігіне себеп болып табылады.

Ішінара тексерулер барысында прокурорлар бағдарламаға іс жүзінде нысаналы топтарға жатпайтын және шынайы емес мәліметтер ұсынған 400-ден астам қатысушыны анықтады.

Оқыту, жұмысқа орналасуға және жұмыспен қамту органдарына өтініш бергендерді орналастыруға жәрдемдесу жұмыс күшіне қажеттілікті шынайы есепке алмай жүзеге асырылады, бұл жүргізілетін оқудың тиімсіздігіне және оқудан өткен мамандардың талап етілмеуіне әкеп соғады.

Жұмыс берушілердің әлеуметтік жұмыс орындарына өздерінің жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін ауыстырып, сол арқылы мемлекеттен заңсыз субсидиялар алу фактілері анықталды (қызметкерлерді жұмыстан босатып, оларды Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа қайта қабылдаған 218 факт орын алған).

Уәкілетті органдардың бұл бағыттағы жұмысын бағалай келе, олардың көбінесе Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуына және жұмыс берушілерге шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру қағидалары мен шарттарын сақтамайтынын айта кеткен жөн.

Бірқатар компаниялардың шетел жұмыс күшін жалған құжатар арқылы алу, жұмыс берушілердің Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, оларды қайта дайындау және оқыту бөлігіндегі рұқсат берудің шарттарын орындамау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы фактілері анықталды.

Нақты бақылаудың болмауы шетелдік кәсіпорындардың, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялардың қазақстандық қызметкерлердің құқықтарын бұзып қана қоймай, оларға қатысты тікелей кемсітушілікке жол берулеріне әкеп соқтырған.

Мысалы, прокурорлар біртектес жұмыс үшін шетелдік жұмысшылардың пайдасына әртүрлі еңбекақыны бекіту, сондай-ақ бір кәсіпорында шетелдік әріптестеріне қарағанда қазақстандық жұмысшылардың нашар еңбек жағдайында жұмыс жасау фактілерін анықтады.

Сонымен қатар, еңбек иммигранттарына рұқсат беру, мерзімін ұзарту және кері қайтарып алу, сондай-ақ еңбек иммигранттарын тіркеу, дакто және фотоесебін қалыптастыру мен жүргізу қағидаларын (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 08.02.2014 жылғы №76 бұйрығымен бекітілген) сақтамаудың 1,4 мың фактісі анықталды.

Атап айтқанда, иммигранттардың рұқсатта көрсетілген мекен-жайда тұрмау, олардың көрсеткен жерде жұмыс істемеуінің 113 фактісі анықталды, ол нәтижесінде ішкі еңбек нарығына теріс әсерін тигізеді.

Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар және жосықсыз жұмыс берушілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды.

Жалпы жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша прокурорлар әртүрлі мемлекеттік органдардың атына барлығы 171 прокурорлық ықпал ету актісін енгізді, 52 факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, шетелдіктерді жұмысқа тартуға берілген 2 924 рұқсатты кері қайтарып алды не кері қайтарып алу бойынша шаралар қабылдауда, 45,3 млн. теңгені бюджетке қайтару туралы мәселе көтерілді.

Сонымен қатар, Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Үкіметінің атына заң бұзушылықтарды, оларға жағдай жасайтын себептер мен шарттарды жою, сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды іске асыруды жаппай қайта қарау туралы ұсыныс енгізді.

Соңғы жаңалықтар