«Қызыл Ай» қоғамы балаларға базарлық жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Кеше Қазақстан Республикасы «Қызыл Ай» қоғамының облыстық филиалы және қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен акция болып өтті.
Оған облыстық білім, ішкі саясат басқармасы, балалардың құқын қорғау департаментінің мамандары қатысты. Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының балалары мен денсаулығы нашар оқушыларға демеушілік көрсетілді. Акцияда 192 оқушыға кемі 300 АҚШ доллардан чек табыс етілді. Қайырымдылық шарасында сөз алған ҚР «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының төрайымы Бибіжан Жәукебаева тәуелсіз еліміздің болашағын тәрбиелеп жатқан ата-ана мен ұстаз еңбегіне табыс тіледі. Екі жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесе жұмыс жасап отырған облыстық филиал төрайымы сол елден жеткен көмек арқылы бірқатар әлеуметтік топ өкілдерін қолдауға мүмкіндік туғанын атап өтті. Өткен оқу жылында мектеп оқушыларына қажетті құрал-жабдықтар алу үшін 7 млн. 454 мың, биылғы жылы 192 балаға 8 млн. 670 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Егемен еліміздің болашағы бүгінгі жас жеткіншектердің қолында десек, мұндай игі шаралардың алдағы уақытта өз жалғасын табатыны анық.
Акция соңында республикалық балалар шығармашылығының жеңімпаздары өз өнерлерін көрсетті.