Қызылорда ЭКСПО-2017 қонақтарына қызықты саяхат ұсынбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ЭКСПО-2017 шарасына келген меймандарды қабылдау бойынша жоспар қабылданды, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінің хабары бойынша, өңірде оларға арнап «Қорқыт Ата күйлері» мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы» атты туристік маршрут жасалып отыр. Сол арқылы туристер Қызылорда қаласын аралап, Қорқыт Ата кесенесіне және «Байқоңыр» ғарыш айлағына барып, оларды өз көздерімен көре алады.
Сонымен қатар саяхаттанушылар Қамыстыбас көлінің маңындағы Арал теңізінде салынған Көкарал тоғанына және Арал қаласына бара алады. Оған қоса, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан тарихи және мәдени орындар мен нысандарды аралауға мүмкіндік алмақ.
Бүгінгі таңда Қамыстыбас көлінің демалыс орнының жобасы жасалды. Өзге нысандар бойынша инвесторлар іздестіріліп жатыр.