Қызылорда қаласында мүғалімдердің тамыз мәслихаты болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қаласындағы Cтуденттер сарайында қала мұғалімдерінің тамыз мәслихаты болып өтті. Онда облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева баяндама жасады.
- Білім саласына жаңа мемлекеттік стандарт енгізілді, - деді ол. - Дінтану сабағы 34 сағатқа белгіленіп, 9 сыныптан бастап өткізілуі жақсы нышан. Бұл жас ұрпақтың тазалыққа, имандылыққа бой түзеуіне ықпал етері сөзсіз. Өзін-өзі тану пәні 1-11 сынып аралығына бекітілуімен қатар, кәсіптік лицей мен арнаулы колледждерде де оқытылады. Оқу сағаттарында да өзгерістер бар. Бірінші сынып 24 сағат бөлінісі болып бекітілсе, 11 сынып 39 сағат оқытылады. Кейбір пәндер екіге бөлініп оқытылады. Қалалық мектептердегі сыныпта 25 оқушы, ауылдық жерлерде 20 оқушы болған жағдайда ғана бөлініп оқытуға рұқсат беріледі. Денешынықтыру сабағы 3 сағат болып міндеттелді. Сонымен қатар музыка, әдеп сабақтары да көптеген өзгерістерге толы.
Қала әкімі Мархабат Жайымбетов оқушының білім деңгейін саралайтын, ұстаздың біліктілігі сынға түсетін ұлттық бірыңғай тестілеу жайына тоқталды. Биылғы оқу жылында ҰБТ-ға қатысқан 1414 оқушының орташа балл есебі 87,1. Былтырғы жылмен салыстырғанда, 13 балға жоғарылаған, дей-тұрғанмен, тоқмейілсуге ертерек. Осы орайда ұстаздардың белсенділігін арттыру мақсатында үздік көрсеткішке қол жеткізген мұғалімге қала әкімінің стипендиясы тағайындалады. Шалғай аймақтардың оқушыларына мектепке қатынау қиындық болғандықтан арнайы мектеп автобусы ұйымдастырылуда. Қала әкімі тазалық мәселесіне қатысты да пікірін білдірді.
Кеңес соңында білім саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар мұғалімдер жоғары органдардың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленді.