Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай аудандар құрылысшылары облыс орталығын абаттандыруға үлес қосты

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай аудандар құрылысшылары облыс орталығын абаттандыруға үлес қосты. Атқарылған жұмыстарға бүгін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев куә болды.
None
None

Бұл туралы Қызылорда ньюс.kz cайты хабарлады.

Ыбырай Жақаев көшесіндегі аллея көз тартарлық. Жалағаш ауданының құрылысшылары ескірген көше шамдарын, сынған орындықтарды ауыстырып, 1162 шаршы метр жерге газон егіпті. Аллеяның бойына әртүрлі пішіндегі сәулет мүсіндері қойылған. Ал жаңақорғандық бағбандар 150 шаршы метр аумаққа алуан түрлі гүлдердің тұқымын сеуіп, 920 шаршы метр жерге газон төсеген. Облыс әкімі сондай-ақ аудан өнерпаздарының мерекелік концертін және қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесін, күріштен жасалған тағамдар көрмесін тамашалады. Шиеліліктер «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің маңын гүлдендіріп, жаңадан субұрқақ салған. 300 шаршы метр аумақтағы ескі тас төсемелерді ауыстырған. Мешіт маңындағы тал-теректерді күтіп-баптағаны да көрініп тұр.

Талдыарал елді мекеніндегі уақыт талабына сай салынған орта мектеп пен Қызылжарма ауылдық клубының ашылу рәсімі де осы күні өтті. Қ.Көшербаев жаңа әлеуметтік нысандарды аралап көріп, клубтың көрермен залында өнерпаздармен кездесіп, түрлі үйірмелердің жұмысымен танысты. Одан кейін «Автомобиль жол басқармасы» ЖШС-інде болып, еңбек ұжымымен жүздесті. Кәсіпорын жұмысшылары Бөкейхан және Бейбарыс Сұлтан көшелерінде, Тұңғыш Президент саябағында, әуежайға дейінгі аралықта қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, мерзімінен бұрын сапалы түрде тапсырған. Кездесу барысында облыс әкімі үздік мамандарды марапаттады.

Соңғы жаңалықтар