21:39, 01 Маусым 2013 | GMT +5
Қызылорда қаласының әкімі саяжай тұрғындарымен кездесті
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін саяжай тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерге қанықты.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаз мезгілінде 700-ге жуық отбасы тұратын «Аэрофлот», «ПМК-29», «ПМК-52», «ПМК-112» саяжайының тұрғындары 29 мамырда бірқатар өзекті мәселелерін шешіп беру жөнінде қала әкімінің атына өтініш жазған болатын.
Жанына барлық құрылым басшыларын ертіп келген қала басшысы саяжай тұрғындарының бірінші кезекте шешуді қажет ететін ауыз су, қоғамдық көлік мәселелерін тамыз айына дейін шешіп беретіндігін жеткізді. Саяжай тазалығының сын көтермейтіндігін көрген Нұрлыбек Мәшбекұлы қоқыстарды алып кетуге қажетті техникалармен қамтамасыз ететіндігін айта отырып, тұрғындарды алдағы аптада бірге сенбілікке шығуға шақырды.