Қызылорда қаласының депутаттары әкім жұмысына оң баға берді
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қалалық ІV шақырылған мәслихатының сессиясында қала әкімі Мархабат Жайымбетов индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді.
Әкім қала төңірегінде жасалған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол индустриялық-инновациялық сала бойынша іріктелген 17 жобаның бүгінде төртеуінің іске қосылғандығын сөз етті. Бұлардан бөлек, «Қызылорда газ» серіктестігінің қуаттылығы жылына 2400 тонна газ өндіретін, жобалық құны 73 млн. теңге болатын өндіріс орнының ашылатындығын баяндады. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп секторларында жалпы құны 53 млрд. 214 млн. теңге болатын 13 өндіріс орны іске қосылып, 1638 адам мамандандырылған кәсіпке тартылатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар атқарылған жұмыстарға тоқталған қала әкімі еліміздің оңтүстік өңірлерінен бүгінге дейін 100 тоннаға жуық көкөніс жеткізіліп, арзан бағамен сатылғандығын тілге тиек етті. Көтерме сауда базарларындағы азық-түлік өнімдерінің бағаларына тұрақты мониторинг жүргізу үшін «КазАгро Маркетинг» АҚ-мен меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың нәтижесінде өзге өңірлермен салыстырмалы түрде бағаларды реттеп отыратын стационарлық орталық ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар жылыжайлар шаруашылығын жетілдіру мақсатында Ақжарма елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан 7 жылыжай тамыз айында іске қосылатындығын хабарлады.
Облыс орталығындағы ауызсу жүйелерінің тозығы жеткен бөлігін бір маусымда жөндеп, ауыстырып шығу мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәселені республикалық деңгейге шығарып сатылап ауыстырамыз. Биылғы 22 шақырымға жуық ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту көзделсе, қазіргі уақытта нақты 16 шақырым ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылды, - деді әкім.
Қаланың тазалық жұмыстары басты назарда болатындығын жеткізген қала басшысы күн сайын 800 текше метр күл-қоқыс шығуға тиіс болса, соның 300-350 текше метрі ғана жиналып тасталатынын, оның үстіне қаладан жиналған қоқыс арнайы полигонға жеткізілмей, дария жағасындағы бос жатқан ескі өнеркәсіп орындарына төгілетінін сынға алды. Бұдан әрі ол қысқы маусымға дайындық жайын таныстырды. Жылу энергия көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру жобасының екінші кезеңінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Білім беру саласы бойынша биылғы оқу жылына Қарауылтөбе елді мекеніндегі 250 және Сырдария шағынауданындағы 1248 орындық жаңа мектептер пайдалануға беріледі. Жыл аяғына дейін 6 шағын орталық және 3 жеке балабақша ашылып, осыған дейін өзге мекемелер меншігінде болған тағы 2 балабақша ғимараты қайтарылады.
Қаланың мәдени өміріндегі маңызды мәселе демалыс саябағының жайын сөз еткен әкім арғы бетте демалыс орындарын ашатындығын айтты.