Қызылорда мемлекеттік университетінде жаңа жатақхана қатарға қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте жаңа студенттік жатақхананың ашылу рәсімі болып өтті. Бұл туралы университет баспасөз қызметінен хабарлады.

Қызылорда мемлекеттік университетінде жаңа жатақхана қатарға қосылды

Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова біздің елімізде жастардың оқуына, білім мен ғылымды игеруіне барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айта келіп, соның бір көрінісі бүгінгі заман талабына сай пайдалануға беріліп отырған студенттер жатақханасы екендігін атап көрсетті.

Одан әрі, университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қылышбай Бисенов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары елімізде білім беру жүйесі халықаралық білім кеңістігінде лайықты орын алып келе жатқандығын атап өтті. Бүгінгі күннің университет тарихындағы ерекше күн екеніне тоқталды. Сондай-ақ, салтанатты шарада студенттік үйдің құрылысын жүргізген «Асар» компаниясының директоры Рахым Шырданов символдық кілтті университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Абылайхан Сабанбаевқа тапсырды. Өз кезегінде ол: «Ел ағаларының жастар үшін жасап жатқан жақсылықтарын сезіне отырып, біз жастар тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі үшін аянбай еңбек етуге уәде береміз», - деп университет жастарының атынан үлкен алғысын жеткізді.

Жалпы ауданы 5570,10 м2 құрайтын 5 қабатты әсем ғимаратқа университетте білім алып жатқан 400 студент, магистрант пен докторанттар орналасқан. Нысанның бірінші қабатында медпункт, асхана, оқу залы бар. Екінші қабатта кітапхана, интернет желісіне қосылған компьютерлік класс орналасқан. Сонымен бірге жатақханада тұрақтанушылар үшін спортпен шұғылдануға да бар мүмкіндік жасалған.

Шара қонақтары жатақхананың компьютерлік класында болып, ондағы электронды кітапхана жұмысымен танысты.