Қызылорда мен Алматының арасына қатынайтын тағы бір авиарейс ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/- Кеше таңғы сағат 7-де Қызылордадағы «Қорқыт ата» әуежайына Алматыдан ұшып шыққан канадалық «Bombardіer CRJ-100» реактивті жолаушылар ұшағы келіп қонды.
None
None

Бұл қа­зақстандық «Иртыш Эйр» авиакомпаниясы» АҚ ұшағының Қызылорда қаласына жасаған алғашқы рейсі. Аталмыш компания ұшақтары бүгінгі таңда Алматы қаласын Қостанай, Павлодар және Өскемен қалаларымен байла­ныстырып отыр. Енді, міне, олардың қатарына Қызылорда да қосылды.

Бұл ұшақ бортына 50 жолаушы алып, сағатына 800-850 шақырым жылдамдықта екі қала арасын бір жарым сағатқа жуық уақытта ұшып өтеді. Он екі шақырым биіктікте самғайтын бұл ұшақтың ұшу қашықтығы 3600 шақырымға жетеді. Бұл мәліметтерді айтқан «Иртыш Эйр» өкілі Владимир Смирнов бүгінгі күні ҚР Көлік және комму­никация министрлігі нұсқауы бойынша Қазақстан авиациясындағы кеңестік ке­зеңнің ескі ұшақтарының орнына еуростандарт талаптарына сай келетін ұшақтар ауыстырылып жатқанын жеткізді. Осы рейстің ашылуы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінің бір көрінісі болып табылады.

«Қорқыт ата» әуежайы» АҚ-ның бас директоры Қайдар Нұрлыбаев әуежайдағы ұшу алаңының ұзындығы 1850 метрге жеткізілетіндіктен осындай ұшақ қабылдауға мүмкіндік туып отырғанын атап өтті. Ол әуежайдағы қайта жарақтандыру жұмыстары аяқталысымен ұшу алаңының ұзындығы 2700 метрге дейін жететінін, сол уақытта сыйымдылығы 148 адамдық «Эйрбас А320» ұшақтары қона бастайтынын атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар