Қызылорда облысы әкімдігінің алқасы тірек елді мекендер жайын талқылауға арналды

Отырысты сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі қазіргі таңда аймақтың ауылдық жерлерінде 400 мыңнан астам адамның тұрып жатқанын айтты. Енді біздің алдымызға сол тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын ұдайы жақсартып отыру, үнемі жұмыс көздерін тауып беру міндеті қойылып отыр.
«Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қолға алынған ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға орасан зор мөлшерде қаржы бөлінді, - деді ол өзінің сөзінде. - Бұл дер кезінде атқарылған маңызды шаруа болды. Алайда, ауылдық жерлердің әлеуметтік проблемаларын одан әрі шешу үшін және ауыл экономикасын дамыту үшін біз тірек елді мекендерді жасауға мақсатты түрде баруымыз керек. Өйткені, мұның бәрін мемлекеттің есебінен жасап шығу мүмкін емес».
Мәжілісте күн тәртібіне қойылып отырған мәселе бойынша Қармақшы ауданы «Жаңажол» ЖШС төрағасы Қылышбек Әбішев, Арал ауданының әкімі Мархабат Жайымбетов, Қазалы ауданының әкімі Бақыт Жаханов, Қармақшы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қалиев шығып сөз сөйледі.
Аймақ басшысы өзінің қорытынды сөзінде тірек елді мекендердің өзінің айналасындағы тоқыраған ауылдарға тартылыс нүктесі болуы керек екеніне тоқталды.