Қызылорда облысында 159 271 гектар алқапқа егіс егілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының егіншілері биылғы жылы 159 271 гектарқа түрлі ауылшаруашылық дақылдарын отырғызды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректері бойынша, бұлардың ішінде ең көп көлем күріш егісіне бөлініп отыр, ол 75 260 гектар алқапты құрайды. Жыл басында оны 70 080 гектар жерге егу жоспарланған болатын. Күздік бидайға 4232 гектар, жаздық бидайға 1875 танап босатылды. Мұның арғы жағында 8 646 гектарлық картоп егісі, 6370 гектарлық көкөніс және 8478 гектарлық бақша өнімдері бар. Ал арпаның алатын ауданы 980 гектарды құраса, 905 гектарда тары жатыр. Күнбағыс 193 гектар болады.Облыстың агрокартасынан сафлор мен жүгері де табылады. Олар тиісінше 1759 және 1180 гектарларға толады.
Қазіргі тексеріс алқаптардағы дақылдардың шығымы жақсы екенін көрсетіп отыр.