Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылорда облысында 51 елді мекеннің тасқынға ұрыну қаупі бар

  ҚЫЗЫЛОРДА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында қысқы-көктемгі сең жүру кезінде 51 елді мекеннің су тасқынына ұшырауы ықтимал.

Қызылорда облысында 51 елді мекеннің тасқынға ұрыну қаупі бар

Бұл туралы облыстық штабтың отырысында мәлім болды.

Сырдария өзенінде сең жүріп, мұз көшкен кезде судың көтерілуіне байланысты қалыптасатын жағдай бұрнағы күні Үкiметтiң селекторлық мәжiлiсiнде де қозғалды. Желі арқылы байланыс кезінде Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов Көксарай су реттегiшiне түсіп жатқан мол суды көктемгі егiн егу науқанына тиімді пайдалану жайлы ұсынысын білдірді. Ол сонымен бірге тасқынға қарсы әзірлік жұмыстары жайлы баяндады. Бұл мақсат үшін облыстық бюджеттен 180 млн. теңге қаралып отыр.

Бүгiнде Шардара су қоймасына жоғарыдан мол су келуде. Соның салдарынан дариядағы ұстасқан мұз оңтүстiк өңірлерде айтарлықтай қауiп төндіруі мүмкiн. Көксарай су реттегiшiнiң төменгi жағындағы мол су арналардан асып кетуі ықтимал. Осыған орай қазір дария жағалаулары нығайтылып, гидротехникалық қондырғылар ретке келтiрiлуде. Шардара су қоймасынан төмен қарай босатылып жатқан секундына 600 текше метр судың 500 текше метрі Қызылорда су торабынан өтуде. Егер осы қалыпта ұстасқан мұз ақпан айының соңы мен наурыздың басында қозғалар болса, оған жақсы дайындық жасау арқылы елдi мекендердi топан судан аман алып қалуға болады. 

Селекторлық мәжiлiсте осы мәселелерді қозғаған аймақ басшысы елдi мекендердi тасқын судың басып қалмау жағы шұғыл қарастырылып жатқанын айтты.