Қызылорда облысында арзан азық-түлік қоры жасалып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында арзан азық-түлік өнімдерінің қорын жасау жалғасып жатыр.

Қызылорда облысында арзан азық-түлік қоры жасалып жатыр

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы мақсатта 2011 жылғы 12 қыркүйекте облыс әкімінің «Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының кейбір мәселелері туралы» өкіміне орай арнайы азық-түлік комиссиясы құрылды. Комиссия өзінің бірінші отырысында «Азық-түлік келісім-шарт» акционерлік қоғамы арқылы берілген 751 млн. теңге несиеге қор үшін қажетті өнімдер сатып алуға шешім қабылдады. Осы шешіммен олардың бағалары да белгіленді. Ал әкелінген өнімдерді жинақтау үшін «Алтын қамба» апгроөнеркәсіп комбинаты» ЖШС-нің сыйымдылығы 3250 тонналық қоймасы салынып, пайдалануға берілді.

«Қызылорда» ӘКК» АҚ төрағасы Жандос Нұрмағамбетовтің айтуынша, қойма голландтық «Tolsma» фирмасының заманауи жарақтарымен жабдықталған. Олардың қатарында желдеткіш жүйесі, булануға қарсы және ылғалдықты бақылау қондырғылары, контейнерлер, тиеп-түсіру мәшинелері, электроқозғағыштар бар. Сырттан өнімдер тасымалдау үшін 10 «ДАФ» авторефрижаторы мен 3 «КамАЗ» автокөлігі сатып алынған. Жалпы, құрылыс жұмыстары құны 215 млн. теңгені құрайды.

«Қызылорда» ӘКК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС жанынан құрылған азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қажетті дақылдарды сатып алуды ұйымдастыруда. Қазіргі таңда Жамбыл облысынан 867 тонна пияз жеткізілді. Қалған 333 тоннасы сәуір айына дейін әкелінеді. Сол сияқты Павлодар облысынан 2 000 тонна картоп алынды. Оның 475 тоннасы қоймада тұр. Қалғандары белгіленген кестеге сай әкелінуде. Бұдан басқа, тікелей тауар өндірушілерден 400 тонна сәбіз дайындалды. Ал Өскеменнен 400 тонна өсімдік майы, 124 тонна қарақұмық жармасы жеткізілді. Алматыдан 685 тонна қант алуға келісім-шарт жасалды.

«Қызылорда» ӘКК» АҚ Қызылордадағы шағын аудандарда құрылысы басталған 10 құрастырмалы-жинамалы сауда дүкенін 3-ін пайдалануға берді. Бүгінде аумағы 50 шаршы метрді құрайтын дүкендер сөрелері әлеуметтік маңызы бар тауарларға толы. Олар базар бағаларынан 10-15 пайызға арзан. Келешекте сауда дүкені алаңдарын кеңейту қолға алынбақ. Сондай-ақ оларда етпен бірге балық сату ұйымдастырылады.

Жалпы, азық-түлік үшін бөлінген 751 млн. теңге қаржыға барлығы 6618 тонна өнім сатып алынады. Бұл қор маусымаралық кезеңде азық-түлік бағаларын қалыпты ұстап тұруға көмектесуі тиіс.