Қызылорда облысында былтыр 3,5 мың өзбекстандық азамат жауапқа тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 2012 жылы 3,5 мың өзбекстандық азамат жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысында былтыр 3,5 мың өзбекстандық азамат жауапқа тартылды

Өткен бір жыл ішінде Сыр өңіріне әртүрлі мақсатпен 15,5 мыңға жуық шет ел азаматтары келген екен. Бұлардың 3 мыңнан астамын ғана алыс шет елдердің тұрғындары құраса, қалғандары посткеңестік республикалардан болып шықты. Тағы бір айтатыны, сол көрші елдерден келгендердің де басым көпшілігі Өзбекстан республикасынан келген гастарбайтерлер көрінеді.

«Былтыр көші-қон заңын бұзған 3419 Өзбекстан азаматына әкімшілік шара қолданылды. Олардың көпшілігі құзырлы органдардың рұқсатынсыз жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталды. Оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған 105 жұмыс беруші (45-і - шетелдік) жауапқа тартылды. 127 қызылордалық шетелдіктердің уақытылы тіркелуін қамтамасыз етпегені үшін жазаланды», - деп мәлімдеді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Шекаралас елден келіп, қайыршылықты кәсіп етіп жүргендер де жетерлік. Бір жылда осындай 141 адам анықталды. Олар негізінен базарлар мен басқа да адам көп жүретін жерлерді төңіректейді.

Жалпы, былтыр 3,5 мыңға таяу ТМД мемлекетінің, 182 алыс шет елдердің азаматтары жауапқа тартылды.