Қызылорда облысында былтыр халықты ауызсумен қамтамасыз ету бағытында 5 млрд. теңгеден артық ақша жұмсалды
ЫЛОРДА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы аймақ тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатына 5 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Бұл қаржының есебінен қазір Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры 5-кезеңінің құрылысы, Қызылорда қаласының ауыз су және кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Бұдан басқа облыстық бюджет есебінен Арал-Сарыбұлақ және Жиделі топтық су құбырларына қосылған 20 елді мекендердің ішкі тарату ауыз су желілерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 146,4 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда құны 3,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба әзірленіп, ҚР АШМ Су ресурстары комитетіне жолданды.
Облыс бойынша 17 сумен пайдалану мекемелерінің 7-еуі субсидияландырылып, 2010 жылы оның көлемі 180,7 млн. теңгені құрады. Соңғы 3 жылда ауыз сумен қамтамасыз етуге 19,8 млрд. теңге бөлініп, 1000 шақырымнан астам ауыз су желілері жөнделді. Нәтижесінде 218 мың тұрғындары бар 70 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.