Қызылорда облысында дауыл 24 млн. теңгеге шығын келтірді

Бұл туралы облыстық Жұмылдыру дайындығы, Азаматтық қорғаныс, авариялар мен табиғи апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Сержан Нәметша мәлімдеді.
«Күшті дауыл мемлекеттік мекемелер орналасқан 15 ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ал келтірілген шығынның көлемі 22-24 млн. теңге аралығында болып отыр. Шығын көлемі шатырларды қайта салу үшін пайдаланылатын материалдарға байланысты анықталмақ. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жолы да қазіргі заманғы жеңіл салмақты материалдар күшті желге төтеп бере алмады», - деп атап өтті ол.
Басқарма бастығының айтуынша, облыс әкімінің жаңа шатырлар үшін қаржыны қайдан алу керектігі жөніндегі пікірі белгілі. Олар ғимараттардың иелері болып табылатын ұйымдардың бюджеттерінен алынады. Ал төтенше жағдайлар департаменті бұл үшін арнайы қаражат шығармайды.