Қызылорда облысында экологияға залал келтірушілерден 497 163 718 теңге айыппұл өндірілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Сая Темірбекованың хабарлауынша, облыс прокуратура органдары қадағалау жұмысында табиғат қорғау заңнамаларының сақталуына айрықша назар аударып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы мұнда 43 тексеру жүргізіліп, 518 заң бұзушылық анықталған.
Осыған сәйкес 58 ұсыныс, 16 наразылық келтіріліп, қорытындысымен 130 заңсыз кесімдердің күші жойылған. Бұл 30 тұлғаға тәртіптік, 175 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік жүктеуге негіз болды. Ал қоршаған ортаға келтірген залалдары үшін мекемелерден 497 163 718 теңге қаражат мемлекет бюджетіне өндірілген. Мысалы, «Казгермұнай» БК ЖШС-нің 2009 жылы қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсат берілген көлемнен артық мөлшерде атмосфераны ластайтын заттарды шығарып, ҚР Экологиялық Кодексі талаптарының өрескел бұзылуына жол бергендігі анықталып, кәсіпорыннан бюджетке 270,0 млн. теңгеден астам айыппұл алынған.