Қызылорда облысында халықтың орташа табысы арта түсті

Облыстық статистика департаментінің мәліметтері осыны меңзейді.
Үстіміздегі жылдың наурызында облыста халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 36372 теңгені құрады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жұмыссыздар саны 19,4 мың адамды құрады. Ол экономикалық белсенді халықтың 6,2 пайызын шамалайды. Ал еңбекпен қамту органдарында 3,3 мың адам жұмыссыз есебінде тіркелген. Қызметкерлерге есептелген орташа айлық жалақы қаңтар-сәуір айларында 61926 теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 9,4 пайызға артқанын айғақтайды.
Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 67343 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңнен 72,6 пайызға артық. Сонымен қатар, дәл осы кезеңде облыстағы бөлшек сауда тауар айналымы 22195,3 млн. теңгені маңайлап тұр. Облыста алғашқы бес айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 305541 млн. теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4634,5 млн. теңгені шамалады.