Қызылорда облысында ҚР Көлік және коммуникация министрі бастаған республикалық ақпараттық-насихаттау тобы Елбасы Жолдауын насихаттады
Бұл ақпаратты аталған министрліктің баспасөз қызметі таратып отыр.
Хабарламада атап көрсетілгендей, жұмысты барынша тиімді ұйымдастыру және өңірді толықтай қамту үшін насихатшылар аудан-ауданға шығатын бірнеше топқа бөлініп, әр топтың құрамына облыс, қала және аудан ведомстволарының басшылары енгізілген.
«Облысқа сапардың алғашқы күні көлік ведомствосының басшысы «Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайының ұшу-қону жолағын қайта салу және қызмет көрсету мен аэродромдық техникамен қайта жабдықтау» жобасын іске асыру жұмысымен танысты. Жоба құны 7,1 млрд. теңгені құрап, соның ішінде арнайы техниканы сатып алуға 650 млн. теңге қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру барысында ұшу-қону жолағын, аэродромның периметрлік қоршауын қайта салу,жарық дабылы мен метеожабдықты орнату, сонымен қатар жанар-жағармай материалдар қоймасын салу жұмыстары атқарылуда. Жұмысты аяқтау және пайдалануға тапсыру ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланған», делінген баспасөз хабарламасында.
Сол күні көлік министрі Қызылорда қаласында өткен басқарушы орталықтың кезекті отырысына қатысты. Отырыста облыстағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы талқылады, соның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәліздің автомобиль жолдарының учаскелерін қайта жаңғырту барысы қаралды.
Сапар соңында Ә.Құсайынов Жаңақорған аудандық ауруханасының және №125 орта мектебінің ұжымымен кездесті.
«Топтың өзге де мүшелері Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Қармақшы, Байқоңыр, Жалағаш және Сырдария аудандарының еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізеді. Бұл топтардың құрамында Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Асқар Шоманов, Ішкі істер министрлігі Жол полиция комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков, Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау және сараптау департаментінің директоры Дүйсен Әділханов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Экономика салаларын дамыту департаментінің директоры Мырзақасым Байбеков, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Қуаныш Нұрғазин, сонымен қатар «Мецва» еврей мәдени орталықтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктігінің төрағасы Александар Барон болды», деп нақтылай түскен хабарламада.