Қызылорда облысында қысқы маусымға дайындық барысына баса назар аударылып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы мәселе облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалық етуімен өткен облыс әкімі жанындағы тұрақты кеңес мәжілісінде қаралды. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Батыржан Қаракөзовтің айтуынша, аймақтағы әлеуметтік-мәдени кешендердің жылу беру маусымына дайындығының әлі де пысықталатын тұстары жеткілікті. Жоспарланған 12 үлкен қазандықтың 2-еуінде, 138 кіші қазандықтың 14-інде жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы №51 мектептің қазандығы іске қосылмаған болса, Қызылорда қаласында - 4, денсаулық сақтау басқармасына қарасты - 6, білім басқармасына қарасты - 2, мәдениет басқармасына қарасты 1 қазандыққа жөндеу жұмыстары бітпеген. Негізгі қажетті қатты отын қорын қыркүйектің 15-іне дейін жеткізу туралы тапсырма берілген болатын. Алайда, білім және мәдениет басқармаларына қарасты мекемелерге, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарына қатты отын жеткізу көрсеткіші төмен. Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бюджеттік мекемелерге қатты отын мүлдем алынбаған. Жылдар бойы коммуналдық қызмет төлемдері өтелмей, қордаланып келеді. Бүгінде 2000 жылдан бері жиналған қарыздың көлемі 424 млн. теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі Қызылорда қаласы тұрғындарына тиесілі.