Қызылорда облысында мемлекеттік тіл мәселесін қаламдарына арқау еткен БАҚ өкілдері марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының арасында жариялаған байқау мәресіне жетті.

Қызылорда облысында мемлекеттік тіл мәселесін қаламдарына арқау еткен БАҚ өкілдері марапатталды

Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметінен хабарлады.

Байқауға Арал, Қазалы, Шиелі аудандық газеттерінің, облыстық, қалалық қазақ және орыс тілді басылымдардың, телеарналар мен интернет газеттердің тілшілері мен басқа да сала мамандары қатысты. Оған 2013 жылдың 10 қаңтары мен 20 мамыры аралығында еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту мен мәртебесін нығайту мақсатында мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы туралы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жарияланымдар, эфирден көрсетілген хабарлар, интернеттегі мақалалар қабылданды.

Байқау қорытындысы бойынша, «Үздік мақала» номинациясын облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Жолдасбек Ақсақалов (қазақ тілді жарияланымдар арасында) пен «Кызылординские вести» газетінің журналисі Айнагүл Манабаева (орыс тілді), «Үздік телеарна бағдарламасы» номинациясын Қызылорда қоғамдық телеарнасының жүргізушісі, редактор Елена Рыбина (қазақ тілді), облыстық «Қазақстан - Қызылорда» телеарнасының жүргізушісі, редактор Ғалымжан Жұманазар (орыс тілді), «Үздік сайт мақаласы» номинациясын Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәз Бисен, «Тіл жанашыры» номинациясын Арал ауданының ардагер-тілшісі Жаңабай Кемал, «Ел тілегі» газетінің тілшісі Зәуре Алтаева, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Жұмагүл Оралбаева иеленді.