Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қызылорда облысында сүттің 85, еттің 84 пайызы жеке секторға тиесілі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Жаңақорған ауданында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының ауылдық елді-мекендерде кооперацияны енгізу және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру туралы 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдерінің орынбасарларын және ауылдық округ әкімдерін ауыл шаруашылығын жүргізу негіздері, ауыл шаруашылығы кешенін шағын несиелендіру және несиелендіру шараларының негіздері мен оларды жүзеге асыру бойынша оқу-семинары өтуде.

Қызылорда облысында сүттің 85, еттің 84 пайызы жеке секторға тиесілі

Оқу-семинарына облыстың барлық ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл туралы аудандық әкімдікке сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.

Қазіргі саяси-экономикалық жағдайда Елбасы саясатын тікелей халыққа жеткізуші, түсіндіруші әкімдер болғандықтан оларға қойылып отырған басты талап - халықты жұмыспен қамту мәселесі. Бұл мәселелер әсіресе ауылдық жерде өзекті екендігі белгілі. Ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтуда басым көпшілігінің табыс көзі - үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарына тәуелді.

Қазіргі таңда, Қызылорда облысында жеке секторда 25 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр деп саналса, олар облыста өндірілетін сүттің 85 пайызын, еттің 84 пайызын, жеміс-жидектің және көкөністің басым бөлігін өндіреді.

«Сондықтан, осы азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін, біз жеке секторда өндірілген өнімдерді өңдеп, сатуды ұйымдастыратын кооперативтерге бірігу арқылы кәсіптерін тұрақты табыс көзіне айналдыруға жағдайлар жасауымыз керек»- деді өз сөзінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б. Жаханов.

Бұл, біріншіден, жалпы жұмыссыздық мәселесін шешетін болса, екіншіден, осы зор адами ресурстарының әлеуетін пайдалана отырып ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін ұлғайтуға бірден-бір мүмкіндік.

Сондықтан, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басымдылығы да жаппай кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуге беріліп отыр. Қарашаның 12-не дейін созылатын оқу- семинарында ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, қаржыландыру сияқты мәселелерді арнай келген ғалым, оқытушылар егжей-тегжейлі талқылап, түсіндіретін болады.