Қызылорда облысында үстіміздегі жылдың 10 айында табиғи монополиялар нысандарына 8 тексеру жүргізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тексеру барысында 41 заң бұзушылықтар анықталды. Өте жиі кездесетін заң бұзушылықтар - мүліктің қайта бағалауын жүргізу, өзге қызметті жүзеге асыру, табиғи монополия нысандарымен уәкілетті органның келісімінсіз мәмілелер жасау, амортизациялық аударымдардың қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау, тарифтік сметаның орындалуы бекітілген шығындар баптарына сәйкес жүргізілмеу, реттелетін нарық нысандарының уәкілетті органға хабарламай бағаны өсіру жағдайлары жатады.
Мәселен, тарифтік сметаның орындалуы шығындар баптарына сәйкес жүргізілмеуі салдарынан «Су құбыры» МКК-да 100,7 мың теңгеге, «Қызылорда су жүйесі» МКК-да 1277,6 мың теңгеге, «Қызылордаоңтүстікжылу орталығы» МКК-да 13896,8 мың теңгеге, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-да 2379,27 мың теңгеге артық кіріс кіргені анықталды.
Жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жою және тұтынушыларға келтірілген залалдарға өтем жасау мақсатында департамент жоғарыда аталған нысандар қызметтеріне уақытша өтемдік тарифтер енгізді.